Білім

Бескөлде инклюзивті кабинет ашылды

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша осы оқу жылының аяғына дейін әр аудан орталығында инклюзивті кабинет ашылуы тиіс. Бұл дамуында ақауы бар балаларды оңалтып, тиісті біліммен қамтуға септеспек. Осы мақсатта өңірде 14-ші қолдау бөлмесі өз жұмысын бастады. Кабинет Бескөлдегі №2 орта мектебі жанынан құрылды.

Логопедтік көмек, релаксация, тапсырмаларды топпен орындауға арналған бұрыш, ата-аналар отыратын орын. Инклюзивті бөлменің ішін осылай 4 аймаққа бөлуге болады. Мұнда баламен психолог, дефектологтар жеке-дара немесе топ құрамында жұмыс істейді.

Қазір мамандарға қаралуға 4 бала келген. Жансаяның жасы 6-да. Әжесінің айтуынша немересі белгілі бір әріптерді айта алмайтын көрінеді. Сол себепті, логопедтің көмегіне жүгініп отыр.

Айгүл Сәдуақасова – Бескөл ауылының тұрғыны:

– “Р” әрпін дұрыс айта алмайды, сол үшін немеремізді осында бердік. Жақсы мамандар жұмыс жасайды деп естідік. Сол кісілердің көмегі көп болады деп ойлаймын.

Бескөл ауылында инклюзивті бөлмеден бөлек, дамуында ауытқуы бар ұл-қыздар үшін түзету кабинеті жұмыс істейді. Оған бүгінде 36 балғын барып жүр. Аудан бойынша кәмелет жасқа толмаған 249 кембағал бала бар.
Негізі, аудан орталықтарында инклюзивті кабинет ашу – облыс әкімнің тікелей тапсырмасы. Осыған орай оқу жылының басынан 6 ауданда балаларды қолдау бөлмесі ашылыпты. Енді олардың қатарына Бескөлдегі №2 орта мектебіндегі кабинет қосылды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

 – Бүгінгі күні Қызылжар ауданында мектеп базасында осындай 7-ші орталық ашылып отыр. Бұл жерде біз ең алдымен мұғалімдерді оқытамыз, кейін сабақтан кейінгі уақытта осындай жұмыстарды жүргізе алады.

Ал облыс орталығында дамуында ақауы бар балаларға арналған мұндай мекемелер 2018 жылдан бері ашыла бастаған. Бүгінде қалада олардың саны 7-ге жеткен.
Негізі, өлкеде инклюзивті кабинеттер осы оқу жылының аяғына дейін әр ауданда болуы тиіс.

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы