Қоғам

Автобус тізгіндеген нәзікжанды

Айжан Большина – қалада автобус тізгіндеген жалғыз әйел. Ол 9-шы бағыттағы қоғамдық көлікте жүргізуші болып жұмыс істейді.

Сағат таңғы 6-лар шамасы. Айжан Большина жұмысын дәл осы уақытта бастайды. Нәзікжанды ең алдымен автобусты тексерістен өткізеді. Қозғалтқыш ақауының бар-жоқтығын анықтаған соң, радиаторды салқындатқыш сұйықтықпен толтырады.

Жүргізушілер үшін денсаулық – басты орында болуы шарт. Өйткені, автобусқа отырған тұрғындардың өмірі – солардың қолында. Айжан Большина – жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын жан. Ол рөлге отырмас бұрын өзінің хал-ахуалын тексертіп алады. Медициналық бақылауды аяқтаған соң дәрігерлер оған анықтама қағазын берді. Сағат тілі 6:37-ні көрсетіп тұр. Енді, автобусқа отырып, жолға шығуға да болады.

Айжан Большинаның дәл осы кәсіппен айналысып жүргеніне 7 жылдай уақыт өтіпті. Нәзікжанды осыған дейін троллейбуста кондуктор болып жұмыс атқарған екен. Кейін, қаладағы №1 автобуста біраз уақыт жүргізуші болып істеп, аталған бағыттағы қозғалыс тоқтатылған соң №9 қоғамдық көліктің тізгінін ұстаған.

Айжан Большина – №9 бағыттағы автобустың жүргізушісі:

– Жұмыс айтарлықтай қиын емес. Көлік жүргізу өзіме ұнайды. Күнде түрлі адамдарды кездестіресің. Ал әріптестерімізбен бір отбасыдай болып кеткенбіз. Бір-бірімізге қашанда көмекке қолын созып отырамыз.

“Адамның өзінде қызығушылық болса кез келген істі меңгеру оңай. Жұмыста туындайтын қиындықтарды отбасы берген қолдаудың арқасында тез еңсересің” – дейді Айжан Большина. Нәзікжанды бастапқыда анасының бұл жұмыспен айналысуына қарсы болғанын айтады. Кейін, уақыт өте рұқсатын берген екен. Жүргізуші әйелдің бүгінде жалғыз арқасүйері – ұлы.

Айжан Большина – №9 бағыттағы автобустың жүргізушісі:

– Анам тірі болғанда мен үшін қатты алаңдайтын еді. Жұмыс уақытында жиі қоңырау соғып, жағдайымды сұрап тұратын. Ал жалғыз ұлым жүргізуші болғанымды алғаш рет естіген кезде қатты қуанды.

Демалыс күндері мен мерекелер. Егер Айжан Большинаның кезегі 8 Наурызға сәйкес келсе, онда өзге жүргізушілер секілді мейрамды жұмыс істеумен өткізетін болады.

 

 

 

 

Маржан Касымбек