Қоғам

Қалада қар басқан суағарлар тазартылып жатыр

Петропавлда қардың астында қалған суағарлар тазартылып жатыр. Бұл мақсатқа қала бюджетінен 5 млн теңге бөлініпті. Тиісті жұмыстар Ойқала, Береке және Қапай ықшам аудандарында аяқталып, енді Жұмысшы кентінде қолға алынған.

Виктор Ращупин Жұмысшы кентіндегі Караванная көшесінде тұрады. Оның осы үйдің қожайыны атанғанына 40 жылдан асқан. Зейнет жасындағы азаматтың айтуынша баспанасына су кірмеген. Алайда, көршілері мұндай жайтқа кезігіпті. Өзі де сан соғып қалмау үшін маңайға қар түссе болды бірден тазалап тұрады екен.

Виктор Ращупин – қала тұрғыны:

– Қолым босай қалса күрек алып, есік алдын қардан аршуға шығамын. Бүгін мамандар келіп, суағарлардың арнайы техниканың көмегімен тазалап жатыр. Енді айналаға су жиналмайды деген ойдамын.

Дегенмен, тұрғындардың дені үйінің алдын өздері тазалай бермейді. Керісінше қар басқан суағарлардың үстіне қоқыс тастап, тазалаушы мамандардың жұмысын одан әрі қиындата түседі.

Юрий Барисовский -«Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар» МКК жұмысшысы:


– Қар жұмсақ әрі қоқыс болмаса біз бір күнде 2-3 шақырымды тазалап үлгереміз. Алайда, кейбір аумақтарда суағарлар мұз болып қатып жатыр немесе іші толған шыны қалдықтар. Оны тазарту үшін біраз күш кетеді. Бүгін 2 жарым шақырымды өттік.

Суағарларды ақ ұлпадан тазалау жұмыстары қалада ақпанның 20-сы басталған. Бүгінге дейін мамандар 3 мың текше метр қар шығарыпты. Оны қызметкерлер биыл қар деңгейінің жоғары болуымен байланыстырады. Дегенмен, жұмыстың 70-пайызы орындалған. Жалпы, бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен 5 млн теңге қаражат бөлініпті.

Павел Булаев – «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар» МКК басшысы:

 – Суағарларды тазалауға 51 адам, 21 бірлік техника жұмылдырылды. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда биылғы қардың деңгейі анағұрлым жоғары, бірақ соған қарамастан жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр.

Жалпы, бүгінде қаладағы суағарлардың ұзындығы 92 шақырымды құрайды. Оның 44-і – ашық болса, қалғаны жабық болып саналады. Мамандар енді тазартылмаған тағы 3 үлкен көше бар дейді. Бұл жұмыстар наурыздың 10-ына дейін аяқталмақ.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы