Құқық қорғау органдары

Жалған ақша жасаушылар құрықталды

Жалған ақша жасап, оны түпнұсқасына алмастырып отырған. Облыс аумағында 500 евродан тұратын банкноттарды айырбастау орындарына өткізіп жіберген қылмыскерлер ұсталды.

Олар Қазақстан аумағына номиналы 500 евро болатын 200 жалған банкнот әкеліпті. Алаяқтар шетел валютасын еліміздің әр түкпірінде таратқан екен. Бірақ, арам ойлары көпке созылмады. Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары 3 бірдей пысықайды қолға түсірген. Тінту барысында экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері 2 млн теңге, 30 мың рубль және 68 мың еуро тәркілепті. Қазір алаяқтар уақытша ұстау изоляторында отыр. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыстары дәлелденсе, 10-нан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Айгүл Букирова, СҚО экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:

– Аталған факті бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. 3 күдікті де бұрындары қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Тұрғындарға айтарымыз, егер жалған 500 евролық банкнотты ақша айырбастау қосындарында байқаусызда сатып алсаңыз немесе қолыңыздағы купюра күмән туғызған жағдайда экономикалық тергеу департаментіне және 46-98-18 телефоны бойынша хабарласуларыңыз қажет.

 

Ешкенова Дана