Қоғам

Шаһарда Масленица мерекесі аталып өтілді

Православ сеніміндегі жерлестеріміз қысты шығарып салды. Кеше орталық алаңда славян халықтарының Масленица мейрамы аталып өтілді. Шараға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды.

Сүт пен бал қосылған қою шай, дәмі тіл үйірер ыстық күлше, самса мен құймақ. Көктемнің алғашқы күні православ сеніміндегі жерлестеріміз Масленица мерекесін тойлауға шықты. Солтүстікқазақстандықтар бұл мейрамда үстел басына бар тәттіні қойып, тұрғындарды тағамдардан ауыз тиюге шақырды.

Олег Кузнецов – “СҚО орыс қауымдастығы” ҚБ төрағасы:

– Мерекеге орай біз 2 мың дана құймақ құйдық. Үстел басына келген жандардың барлығына тәтті-дәмді беріп, шай, тосап ұсынып жатырмыз. Масленица – жыл сайын осылай көппен бірге қуаныш-шатықпен атап өтетін күн.

Ал мына жерде түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып жатыр. Жігіттер биіктігі 13 жарым метр болатын бағанаға өрмелеп, ептіліктерін сынады. Тіректің жоғарғы жағындағы қағазды іліп алған жанды бағалы сыйлық күтіп тұр. Сайысқа өз бағын сынай келгендердің бірі – Нұрбек Шакимов. Білекті жігіт бірден биікке ұмтылып, ұтысқа тігілген жүлдеге ие болды.

Нұрбек Шакимов – қала тұрғыны:

– Бұрын-соңды сайыстың мұндай түріне қатысып көрмеген едім. Қатарластарымды көріп мен де өз күшімді сынап көргім келді. Спорт десе ішер асын жерге қоюға даяр жандардың бірімін.

Біреулері гір көтеруден күштерін сынаса, кішілер арқан тартысып жатыр.
Масленицаны мерекелеуде тағы бір қызық сайыс ұйымдастырылған екен. Ашаның үстіндегі екеу бір-бірін томпиған қаппен ұрып, құлатуы тиіс. Жеңімпазға сыйлық бар.

Максим Александров:

 – Қарсыласымның жасы менен кіші болды. Басында мен бар күшімді салмай ақырын ғана соққан едім. Алайда, ол мені қаппен бір рет қатты ұрып жібергені намысыма тиген соң бар күшімді жинап қағып түсірдім.

Масленица мерекесінің басты нышандарының бірі – сабаннан өрілген 4 метрлік тұлып. Оны өрттеу қыстың аяқталып, көктемнің бастау алғанын білдіреді.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы