Балалар

Петропавлда “Жас құтқарушылар” сайысы өтті

Қауіп күтпеген жерден келеді. Қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалса, балалар дұрыс әрекет ете білулері керек. Петропавлда дәстүрге айналған «Жас құтқарушылар» сайысы өтті. Оған өңірімізден 16 команда келіп қатысты.

Сайысқа өңірімізден барлығы 16 топ қатысты. Олардың әрқайсысында 5-6 адамнан бар. Жарыстың шарттары өткен жылдан бері өзгермепті. Барлығы – 5 кезең. Алғашқы сындардың бірі – команданы таныстыру. Тапсырма бір көзге жеңіл көрінгенімен сайысқа қатысушылар оған бар жауапкершілікпен қарады. Мәселен, №9 орта мектебінің оқушылары өз командаларына “Отпен күресушілер” деген атау берген.

Ангелина Борисевич, «Отпен күресушілер» командасының мүшесі:

 – Біз бұл сайысқа алғаш рет қатысып отырмыз. Бір жұма бойы өрт сөндірушілердің бөліміне барып, бізді онда киімді жылдамдыққа кию, адамдарды зембілдермен тасымалдау жөнінен жаттықтырды.

Ал мына кезең дәлдікті қажет етеді. Қатысушылар 25 метр қашықтықтан арқанды құтқару шеңберіне лақтырулары керек. Әр адамға 3 мүмкіндіктен беріледі. Бұл Тапсырманы орындау қиын. Алайда, жанкүйерлер өз командаларын белсенді қолдауда. Алда жас құтқарушыларды тағы екі кезең күтіп тұр. Жалпы, балалар қауіпсіздік ережелерін мектепте меңгереді екен. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары оларды кәдімгі білікті құтқарушылар деуге болатынын айтады.

Болат Жұмажанов, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

– Алдымен командалар ұрандарын айтып, өздерін таныстырады. Кейін өрт сөндіру киімін киіп, арқанды тастау, адамды құтқару, жарақат алғанды тасымалдау секілді тапсырмаларды орындайды.

Қауіпсіздік – басты назарда. Балалардың төтенше жағдай туындағанда асып-саспай сауатты әрекет жасауы маңызды. Шараның көздегені де осы. Өкінішті жайттарды болдырмай, олардың алдын алу. Сайыстың нәтижелеріне келетін болсақ, 1-ші орынды №7 орта мектеп, 2-ші орынды №31 толық емес мектебінің балалары иеленсе, үздік үштікті №2 мектептің жеткіншектері тұйықтады.