Спорт

Петропавлда шаңғымен жүгіруден жарыс өтті

Петропавлда денсаулық күніне орай Борки кентінде шаңғымен жүгіруден жарыс өтті. Дәстүрлі марафонға 400-ге жуық теріскейлік қатысуға ниет білдірген. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, студенттер мен Әскери институт курсанттары да болды.

Дәл қазір мұнда жиылған қала тұрғындары шаңғымен жүгіруді бастамақ. Жарыс жолына ерлер де, нәзікжандылар да шыққалы жатыр. Барлығы да әуесқой спортшылар. Сайыс шарты бойынша қатысушылар 1 км қашықтықты жүгіріп өтулері тиіс. Мәре сызығына алғашқылардың бірі болып келгендердің қатарында Әділбек Жұбатханов та бар. Ол №25 орта мектебінде география пәнінен сабақ береді. Жас педагог осындай жарыстарға жиі қатысып тұрады екен.

Әділбек Жұбатханов – №25 орта мектебінің география пәні мұғалімі:

– Дені саудың – жаны сау. Осы ұстанымды ұстанамын. Жарыс күшті өтіп жатыр. Бүгінгі ауа райы да керемет.

Ал ендігі кезек – кәсіби шаңғышыларда. Ерлер 5 шақырымды еңсерулері тиіс. Барлығы да жеңістен дәмелі.
Сонымен, мәре сызығын Артем Островский бірінші болып кесті. 19 жастағы спортшы шаңғы тебумен бала кезінен айналысады. Талай жарыста үздік атанған, тіпті, қысқы көпсайыстан Қазақстанның 4 мәрте дүркін чемпионы.

Артем Островский – СҚКП колледжінің студенті:

– Бүгінгі қарсыластарым осал емес. Басында оңай болып еді, соңына қарай демім таусыла бастады. Күш-қайрат пен тәжірибенің арқасында жеңіске жеттім.

Осыдан соң нәзікжандылардың бәсекесі басталды. Олар ереже бойынша 3 шақырым жолды бағындырулары керек. Бұл сында Маргарита Ларгина суырылып алға шықты.

Маргарита Ларгина – СҚКП колледжінің студенті:

– Шаңғы тебумен 8 жыл айналысамын. Бүгінгі жарыс тартысты өтіп жатыр. Қарсыластарымнан озып шығу қиын болған жоқ. Үздіктердің қатарынан көріну үшін көп еңбектену қажет.

Жалпы, мұндай жарыс өңірде дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Оған қатысамын дейтіндердің саны жыл санап артып келеді дейді ұйымдастырушылар.

Владимир Щербаков – Қ.Байболов атындағы МБЖСМ директоры:

– Өңірде осындай жарыстар 10 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Қатысуға ниет білдіретіндер көп. Биыл сайыс 3 кезеңнен тұрды. Алғашқысы – жалпы сырғанау. Кейін – кәсіпқойлардың марафоны.

Биылғы шаңғы тебу жарысына 400-ге жуық солтүстікқазақстандық қатысты. Үздіктерге грамоталар мен медальдар табысталды.

 

 

Ешкенова Дана