ҚоғамҚайырымдылық

Наурыздың 1-і ҚХА-ның құрылғанына 25 жыл толды

Қайырымдылық жасау – игі іс. Наурыздың 1-і – Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Қос мерекеде Достық үйінің өкілдері қаладағы тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне барып, сый-сыяпаттарын табыс етіп, мейраммен құтықтап қайтты.

Бұл – Екатерина Михайлованың баспанасы. Келіншек жалғыз өзі 2 бала тәрбиелеп отыр. Үйдің шығындарын өтеу үшін күндіз-түні жұмыс істейді. Екатеринаға анасы көмектесіп тұрғанымен оның да денсаулығы жиі сыр беретін көрінеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері келіншектің үйіне келіп мерекемен құтықтады. Азын-аулақ сый-сыяпаты мен тәттілерін табыс етіп, балақайларды қуанышқа бөледі. Бүлдіршіндердің жүздері бал-бұл жайнап мәз болысты.

Екатерина Михайлова – қала тұрғыны:

– Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері жылда келіп, балаларды сыйлықтарымен қуантып кетеді. Қаламызда жүрегі мейірімге толы осындай жандардың болғанына қуаныштымыз. Баршаңызды мерекемен құтықтаймын.

Александр Марченко болса екі бірдей ұлының асқар тауы. Балалардың үлкені Сашаның жасы 6 да болса, кішісі Иван жуырда 5-ке толыпты. Ағалы-інілер сабақты жақсы оқиды әрі әкесіне де үй шаруасын атқаруға көмектеседі екен.

Иван Марченко:

– Мен сурет салғанды ұнатамын. Кейін, әкеме отын тасуға көмектескенді жақсы көремін.

Айта кетейік, наурыздың 1-і күні Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды. Мерейтойға орай ұйым өкілдері қайырымдылық шараларды өткізуді жалғастыра бермек.

 

Маржан Касымбек