Қоғам

“Масленица” атты джип-фестивалі өтті

Көктемді көтеріңкі көңіл күймен, ерекше қарсы алды. “Внедорожник” автоклубы наурыздың 1-і “Масленица” атты джип-фестивалін ұйымдастырды.

Тізілген көліктерге қары қалың қыста жолға шығу түк те емес. Ақ ұлпадан машиналар да, оның жүргізушілері де сескенбейді. Себебі, темір тұлпарлар тек таза асфальтта жүруге емес, батпақты кешуге, қарда да “жортуға” әбден бейімделген. Жиналған жұртшылықтың назарын өзіне, әсіресе, мына көк ВАЗ аудартатыны сөзсіз. Оны автоклуб мүшелері “буханка” деп атайды екен. Көлік жарыстардың талайына қатысқан. Чемпионаттарда әрдайым сары Nissan Patrol-мен бақ таластырады екен. Қазір соңғысының иесі темір тұлпардың жағдайын бағамдауда. Алыс сапар әрі тосын сыйға толы трассаға сақадай сай дайын болу керек дейді Владислав Никонов.

Владислав Никонов, «Масленица» джип-фестивалінің қатысушысы:

– Машинаны 2016 жылы жарысқа қатысу үшін сатып алдым. Оған дейін ол Германияда өткен чемпионатта сыналыпты. Өткен жылы біз де қалалық сайыста жеңіске жеттік. Жалпы, оны жарақтау үшін 2 млн теңгедей қаржы жұмсалды. Көліктің бөлшектерін өзіміз жасаймыз.

Жарысқа тек бір мәрте қатысып, кейін қолын сілтегендер мұнда жоқ. Жүргізушілердің айтуларынша, сайыста бақ сынаған сайын қызығушылық та арта түседі. Адреналин тасып, жеңіске жетуге құлшынады екен. Темір тұлпарымен бірінші орыннан дәмеленіп отырғандардық бірі – Александр Ремшов. Екінші “ұшқыштың” рөлін жиені атқармақ. Екеуінің хоббиі бір – ескі темір-терсекке жаңа өмір сыйлау. Гаражда өткізген уақыттарының нәтижесі – міне. Сыртынан ықшамды болып көрінгенімен машинаның мүмкіндігі зор. Ерекше көлікке арналған бөлшектерді Александр қазақстандық нарықтан бөлек, шетелден де сатып алады екен. Мәселен, дөңгелектің резеңкесін ол АҚШ-тан арнайы тапсырыс беріп алдыртқан.

Александр Ремшов, «Масленица» джип-фестивалінің қатысушысы:

– Моторды ұзақ уақыт бойы таңдадық. Оған дейін Ниваның құрылғысы тұрған еді. Бірақ, оның қуаттылығы жетпеді. Кейін Land Cruiser Pradо-ның моторын орнаттық. Қазір проблема – белдіктерде. Әзірге, бірде-бір рет мәре сызығына дейін жете алмадық. ВАЗ-дың белдіктері трассаға шыдас бермейді. Орта жолда сынып қалуымыз ғажап емес.

Көліктер оппа қар кешіп, мәреге жетуге дайын. Ал трасса қалай екен? Сайыс басталмас бұрын жүргізушілер жолды байқап келуге аттанды. Әрбір бұрылыс пен ақ ұлпа төбешіктерін зерттеуде.

Сергей Сартин, «Масленица» джип-фестивалінің ұйымдастырушысы:

– Жарыс ойлы-қырлы жерде өткізіледі. Трассадағы қар қалың. Сайыс 1,5 сағатқа созылады. Осы уақыттың ішінде көліктер жолды бірнеше рет еңсерулері қажет. Ереже қарапайым – көп айналым жасаған жүргізуші жеңіске жетеді.

Машиналар дайын, көрермендер де тағатсыздана күтуде. Белгі берілді, көліктер жолға шықты. Алайда, жарыстың басы барлығына бірдей оңайға түспеді. Алысқа ұзай алғандары да көп болмады. Темір тұлпарлар қарға батты да қалды. Бірақ, оны тізгіндеген жандар беріле ме? Қолдарына күректерін ұстап, алдағы бөгетті еңсере бастады. Осылайша, бірнеше метрге жылжып отырды. Сайысты көбі көліктің ішінде емес, сыртында қар күреумен өткізді.

Машинаны қар құрсауынан шығару үшін жүргізушілер бір сағаттарын жұмсады. Кедергіні артта қалдырғаннан кейін темір тұлпарлар тізгініндегі жандар мен көрермендер үшін нағыз қызық басталды.

– Мне нравится соревнования, следить за машинами.

– За всех, за Петропавловск!

– Были уже и на летних и на зимних, очень интересно.

Эльмира Садвокасова