Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кардиологиялық блогқа су жаңа ангиограф орнатылды

Мүмкіндіктері зор заман игілігі. Екі апта бұрын облыстық аурухананың кардиологиялық блогына су жаңа ангиОграф орнатылды. АҚШ елінде шығарылған аппараттың құны 468 млн теңгені құрайды. Қондырғының көмегімен қантамырларының жағдайын байқап, бағамдап, ота жасау мүмкіндігі де қарастырылған. Су жаңа техниканың жұмысымен өңір басшысы Құмар Ақсақалов танысты.

57 жастағы науқасты кардиологиялық блогқа шұғыл түрде жеткізіпті. Қазір нәзікжандыға диагностика жасалуда. Зерттеу су жаңа ангиографтың көмегімен жүргізілуде. Күрделі рентген аппараты осыдан екі апта бұрын орнатылған. Қондырғының пайдасы ұшан-теңіз.

Мақсат Кудратуллаев – “Облыстық аурухана” ШЖҚ КМК кардиологиялық блогының жетекшісі:

– Ол адамның денесінен өткен рентген сәулелерін компьютерлік модельдеу арқылы коронарография болмаса ангиография деген зерттеу түрлеріне әкеледі. Қан тамырларының жағдайын бағамдаймыз.

Заман игілігінің жұмысымен өңір басшысы Құмар Ақсақалов танысты. Аппараттың құны 468 млн теңге тұрады. Ангиографтың басқа рентген құрылғыларынан айырмашылығы зор. Ол қарапайым сурет емес, қантамырларының үшөлшемді кескінін береді. Яғни, дәрігерлер ағзаны жіті тексере алады. Диагностика нәтижесі 99 пайызға дейін дәл келеді екен. Зақымдалған тамыр болса, зерттеу бірден операцияға жалғасады. Ол үшін науқасты басқа столға көшіріп не бөлмеге ауыстырудың қажеті жоқ. Бар-жоғы аппаратқа керек құрылғылар орнатылады. Жылына ангиографтың көмегімен мұндай 2 мың диагностикалық зерттеу жүргізілсе, оның тең жартысы отаға жалғасады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Медициналық қызмет көрсету сапасын жаңа, заманауи аппараттарды алмай жақсарту мүмкін емес. Сондықтан, біз соңғы үлгідегі қондырғыларды орнатуға қыруар қаржы бағыттаудамыз. Былтыр аталған мақсатқа 2018 жылбен салыстырғанда 3 есеге көп қаражат бөлдік.

Ангиографтан бөлек, кардиологиялық блокқа құны 74 млн теңге болатын су жаңа УЗИ аппараты да сатып алынды. Қондырғы 2019-дың соңынан бастап жұмыс істеуде. Ауруханалардағы материалдық-техникалық базаны жаңартуға бағытталған қаржының бір бөлігі МРТ-ға жұмсалуда. Осылайша өңір дәрігерлері соңғы үлгідегі аппараттармен жұмыс істемек. 2022-де есігін айқара ашатын аурухана да тек заманауи техникамен жабдықталатын болады. Қазір емдеу мекемесінде жұмыс істейтін мамандар даярлануда. Ақ халаттылар біліктіліктерін арттыру үшін Түркияға аттанбақ.

Эльмира Садвокасова