ҚоғамҚайырымдылық

Екатерина Башкатованың еміне қомақты қаржы керек

Біз біргеміз! Жастар сарайында  қатерлі ісікке шалдыққан Екатерина Башкатоваға арналып қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Игі шара барысында жүрегі мейірімге толы өнерпаз жандар бойжеткеннің еміне қажетті қаражат жинауға көмектесті.

Екатерина Башкатованың жасы 25-те. Бойжеткен спорттық клубтардың бірінде бапкер болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, түрлі қайырымдылық шараларды ұйымдастырумен де айналысқан екен. Алайда, дәл осындай игі іс өмірге құштар қыздың өзіне арнап жасалатынын кім білген? Жуырда Екатеринаға қатерлі ісік диагнозы қойылыпты. Енді оның Челябі қаласында ем алуы үшін қомақты қаржы керек.

Екатерина Башкатова:

– Қауіпті ауруға шалдыққаным жайлы ақпан айының ортасында білдім. Анализдерді алған соң оны Челябі қаласына жібердім. Ол жердегі дәрігерлер сырқатымның асқынып кеткенін айтты. Жуырда 2 айға лазерлік сәулемен емделуге бармақшымын. Бір процедурадан өтудің өзіне біраз ақша керек.

Біз біргеміз! Екатерина Башкатованың жағдайы ешкімді бейжай қалдырмады. Солтүстікқазақстандықтар бойжеткеннің еміне ақша жинау мақсатында қайырымдылық концертін ұйымдастырған.

Сахнада – жергілікті өнер ұжымының балапандары. Балақайлардың тәтті қимылдары көз тартады. Одан бөлек, жиналғандардың алдына жергілікті филармонияның шығармашыл тұлғалары да шығып, ән шырқады.

– Екатерина – өте позитивті адам. Айналасындағылардың барлығына бірдей қамқорлықпен қарайды. Қиын кезде біз де қолдауымызды көрсеткіміз келеді.

– Екатерина дертінен айығып кетсін.

Дәмі тіл үйірер торттар мен құймақ. Қайырымдылық шарасына әнші-бишілерден бөлек, өңіріміздің аспаздары да атсалысып жатыр. Олар түрлі тағамдардың жәрмеңкесін ұйымдастырған. Акциядан жиналған қаражаттың барлығы Екатерина Башкатованың еміне жұмсалмақ.

Алла Писаренко – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, қайырымдылық шараларды ұйымдастырушы:

– Жүрегі мейірімге толы жандар қолдарынан келгенше көмектесіп жатыр. Қаладағы қайырымдылық шарасымен айналысатын жандардың барлығы концерттің өтуіне ат салысты.

Айта кетейік, қайырымдылық шараның соңында 3 млн теңге қаржы жиналды.

Маржан Касымбек