Ауыл шаруашылығыҚоғам

Ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі

Табиғи, сапалы әрі бағасы қалта қақпайды. Сенбі күні облыс орталығында ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтті. Шараға өңіріміздің 7 ауданы жұмыртқа, бал, сүт пен ет өнімдерін әкелді. Елдімекендіктер 5 млн 300 мың теңгенің тауарын өткізіпті.

Сенбі, сағат таңғы 9. Қала тұрғындары қазір базарларға ағылуда. Себебі, апта сайын мұнда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. “Дарияда” сауда-саттық жүргізуге М.Жұмабаев ауданының өкілдері келіпті. Ірімшік, сүт, қаймақ пен Булаев майы. Аталған тауарларға деген сұраныс барша солтүстікқазақстандықтар тарапынан жоғары. Әсіресе, соңғысы үшін жерлестеріміз таңғы 7-ден келіп, кезекке тұрған. Майдың 510 данасы 1 сағаттың ішінде-ақ сатылыпты.

Рәмзия Ғалиева – қала тұрғыны:

– Булаев өнімдерін отбасымызбен сүйіп жейміз. Бүгін май алуға келіп едім, кешігіп қалыппын. Тауарлардың сапасы жоғары, ешбір қоспасыз, табиғи. Бағасы да қалта қақпайды. Жанұямызбен тек солтүстікқазақстандық өнімді аламыз.

Юрий Пилипушконың да саудасы сәтті жүруде. М.Жұмабаев ауданының омарташысы солтүстікқазақстандықтарға ала жаздай жинаған өнімдерін ұсынуда. Қала тұрғындары үшін азамат балдың 75 келісін әкеліпті. Тәтті әрі адам ағзасына пайдалы тауардың қасынан өтіп кеткендерді көрмейсің. Себебі, «Пилипушко» бренді теріскейліктерге жақсы таныс.

Юрий Пилипушко – омарташы, М.Жұмабаев ауданы:

– Жәрмеңкеге өнімнің 4 түрін әкелдік. Қарақұмық пен түйежоңышқа балына деген сұраныс әрдайым жоғары. Соңғысы дәрілік қасиеттерге бай. Балалар сырқаттанбас үшін күнделікті беріп отыруға болады. Иммунитетті жоғарылатады. Ал қарақұмық балының құрамында темір көп. Яғни, ол гемоглобинді жақсы көтереді.

Аудандықтар жәрмеңкеге жалпы құны 1 млн теңге болатын 250 келі ет, 600 келі сүт өнімдерін әкеліпті. “Дариядан” бөлек, мұндай шаралар “Коммуналдық”, “Алтын Арман”, “Корона” базарларында ұйымдастырылды. Аталған нысандарда өңіріміздің өзге 7 ауданы сауда-саттық жүргізді. Елдімекендіктер сенбі күні 5 млн 300 мың теңге пайда тауыпты.

Эльмира Садвокасова