Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл көшелерінде қар тазалау жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр

Петропавл көшелерінде қар тазалау жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Бүгінде коммуналдық мекеме қызметкерлері қала сыртына 740 мың текше метр қар шығарып үлгерген екен. Мамандар көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында кеш батқаннан таң атқанша дейін шаһар ішін ақ ұлпадан тазартуда. Қазіргі күні бұл шаруаға 14 мердігер ұйым жұмылдырылған.

Күн бата салысымен Петропавл көшелеріне қар тазалағыш машиналар мен ауыр самосвалдар шықты. Шаһар ішінде зулаған машиналар кең жолдарды ғана емес, тар көшелерге де кіріп ақ ұлпаны артып әкетіп жатыр. Қазір біз Жұмысшы кентіндеміз. Шағын аудандағы қарды тазалауға «Архмонтаж» серіктестігі жауапты.

Бердімұрат Баймұқан -тілші:

– Қала ішінде су тасқынының алдын жұмыстары өте қарқынды жүрып жатыр. Менің артымда «Шахман» деп аталатын көлік тұр. Оған 28 текше метрге дейін қар сыяды және ол күніне 30 рейс жасайды. Жалпы, «Архмонтаж» серіктестігі күніне 3-4 мың текше метрге дейін қар шығарады.

Ал жан-жаққа шашылған қарды немесе техника кіре алмайтын түкпірлерді серіктестік қызметкерлері қолдарына күрек алып, өздері тазалап шығады.

Александр Цимбал – “Архмонтаж” ЖШС директоры:

– Бүгін біз Жұмысшы кентін тазалауды толығымен аяқтаймыз. Қазір Караванная, Ломоносов және Шмид көшелеріндегі ақ ұлпаны шығарып жатырмыз. Жалпы, 25 техника мен 30-дан аса қызметкер жұмылдырылды. Техника кіре алмайтын жерлерді жұмысшылар қолмен тазалайды.

Есболат Есмұқанов 6 жылдан бері механизатор болып қызмет етеді. Ол күнде осылай қар тиегіш көлігімен түнгі қаланың көшелеріне шығады. Күндіз қозғалыс көп, жолда ауыр машинамен жүру басқаларға кедергі келтіреді, сол себепті күн қарайғаннан таң атқанша дейін жұмыс істеуге тура келеді дейді.

Есболат Есмұқанов – «Архмонтаж” ЖШС механизаторы:

– Кешкі 8-ден таңғы 6-ға дейін қар тазалаймыз. Қазір күн жылы, сол себепті кей жерлерде сулар қатып қалады. Сол жері қиын. Бірақ, жұмысты қолымыздан келгенше атқарып жатырмыз.

Ал мынау – Ойқала ықшам ауданындағы Герцен көшесі. Бұл жерде «Kazfortis» серіктестігінің мамандары жүр. Көріп тұрғанымыздай түн демей тұрғындар да іске білек сыбана кірісіп кеткен екен. Олар қолдарына күрек алып, аула маңындағы ақ ұлпаны жолдың жиегіне лақтырып жанталасуда.

Еңгілік Шақтағанова – қала тұрғыны:

– Әркім өзі осылай шықса үйлерінің маңы таза болып тұрады ғой. Бірақ, көбісі коммуналдық қызметкерлерді күтіп отрады қашан қарымды тазалап береді деп. Келіп, күреп көмектесіп жатқандарына рақмет.

Қаладағы көшелерді ақ ұлпадан тазартуға 14 мердігер ұйым жауапты. Әр мекеме күн сайын облыс орталығынан 20 мың текше метр қар тазалап, сыртқа шығарады екен.

Дулат Шәріпов – қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Біз қазір Береке, Ойқала және Қапай ықшам аудандары мен Жұмысшы кентін тазалап жатырмыз. Күніне 120 техника шығады. Сондай-ақ, тұрғындардың сұранысы бойынша қосымша тағы 2 мердігер ұйым жұмыс жасауда.

Жалпы, бүгінгі күнге дейін облыс орталығынан 740 мың текше метр қар сыртқа шығарылыпты.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан