Құқық қорғау органдарыҚоғам

Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы әріптестік

Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы әріптестік. Өткен жылы өңір тәртіп сақшылары мен еріктілер бірлесіп 3 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық фактісін анықтаған. Волонтерлер іс-түссіз жоғалғандардың тізімінде болған 13 адамның табылуына да көмектесіпті.

Ел Перизденті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды “Еріктілер жылы” деп жариялаған болатын. Басты мақсат – жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту. Қазіргі таңда олардың саны күн санап артып келеді. Еріктілер қоғам өміріне белсенді араласып, түрлі жобалар мен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырады. Бұдан бөлек ішкі істер органдарымен де жұмыс жасап, қоғамдық тәртіпті сақтауға жәрдемдеседі.

Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы:

– Біз еріктілермен тығыз байланыстамыз. Бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі бар. Мәселен, волонтерлердің көмегімен қаладағы біраз ғимараттың сыртынан есірткі жарнамаланған граффити-жазбалардың көзі жойылды. Оған қоса, еріктілермен бірге былтыр із-түссіз жоғалып кеткен 13 адамды таптық. Белсенді жастар тек облыс орталығында ғана емес, аудандарға да барып іздестіру іс-шараларына қатысады.

Жалпы, өткен жылы өңір тәртіп сақшылары мен еріктілердің бірлесіп атқарған жұмысының арқасында 3 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚ басқармасының инспекторы:

– Алдағы уақытта бірлесп жұмыс жасайтын боламыз. Жоспар көп. Жыл бойы түрлі қайырымдылық іс-шаралар өткізетін боламыз.

Сондай-ақ, жиын барысында еріктілерге арналған арнайы форма таныстырылды. Бұл Ішкі істер министрлігінің тапсырысымен тігілген. Қызғылт сары түсті мойынорағыш пен бейсболка еріктілерді ерекшелендіріп тұратыны сөзсіз.
Екатерина Галат – осындай белсенді жастардың бірі. Ол “Қамқор” клубына жетекшілік етеді.

Екатерина Галат – “Қамқор” еріктілер клубының төрайымы:

– Біздің ұйымға мүшелік ететін еріктілер тұрмысы төмен жандарға, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барып, үй шаруасына көмектеседі. “Ардагерге көмектес”, “Жанымызда ардагер тұрады”, “Қамқорлық” секілді акциялар ұйымдастырдық. Игі істердің легін әлі де жалғастырамыз.

Қазіргі таңда облыс орталығында 400-ден астам ерікті бар.

 

 

Ешкенова Дана