Қоғам

Еріктілер қарттарға көмектесуде

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Жыл басында ел бойынша “Біз біргеміз” атты акция бастау алған болатын. Шара аясында солтүстікқазақстандықтар қарттар мен мүгедек жандарға көмек қолын созуда.

Қала тұрғыны Валентина Канюха жуырда ғана 83 жасқа толыпты. 20 жыл отасқан жұбайы біраз уақыт бұрын дүниеден озған. Ал қызы Нұр-Сұлтан қаласына көшіп кеткеннен бері қария жалғыз тұрады. Зейнеткер уақыт өткен сайын қол-аяғы сыр беріп, үй шаруасын атқаруға күші жетпейтінін айтады. Биыл қар көп жауғандықтан баспана маңы толған үйінділер. Көктемде күн жылып, ақ ұлпа ерігенде үйді су басу қаупі бар.

Валентина Канюха – қала тұрғыны:

– Біраз жылдан бері жалғыз тұрамын. Бұрын үй маңындағы қарды өзім-ақ тазалап, сыртқа шығарып тастаушы едім. Бірақ, уақыт өткен сайын үй шаруасымен айналысу қиындап барады. Соңғы кездері аяқ-қолдарым әлсіреп, тіпті, тамақ пісіруге де шамам жетпей жүр. Көршілеріме рахмет. Анда-санда келіп қол ұшын созып тұрады.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп тегін айтпаса керек. Қарияның жайын естіген жастар бірден үйіне келіп, көмек қолын созуда. Олар баспана маңындағы қарды тазалап, сыртқа шығаруға жәрдемдесті.

Әлфараби Мыңбай – ерікті:

– Күніне 2-3 қарияға жәрдемдесіп жатырмыз. Қарттарға көмектесу парызымыз.

Студенттер, еріктілер мен белсенді жастар. Биыл елде «Біз біргеміз» атты бүкіл республикалық акция өткізіліп жатыр. Игі іс жасаудан солтүстікқазақстандықтар да қалыс қалған жоқ.

Мұса Әубәкіров – қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

– Бүгін біз 20 қарияның үйіне барып қар тазалауға көмектестік. Апта соңына дейін тағы 10-ға жуық ардагер мен тыл еңбеккеріне жәрдемдесуді жоспарлап отырмыз.

Айта кетейік, қайырымдылық акциясы наурыз айының соңына дейін жалғасады.

 

 

 

Маржан Касымбек