Қоғам

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 25 жыл

Петропавлда Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Шараға өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер қатысты.

Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін созылған ұлан-ғайыр қазақ жері. Жері шұрайлы, шөбі шүйгін, халқы жайсаң. Қазақстанды қысқаша осылай сипаттауға болады. 20-ғы ғасырдың басында еліміз бірден көп ұлтты мемлекетке айналды. Бүгінде Қазақстанда 130-дан аса этнос өкілі тұрады. Халықты ұйыстырып, берекесін келтіру – – Қазақстан халқы Ассамблеясының басты миссиясы. Ұйым міндетін ширек ғасыр бойы абыроймен атқарып келеді.

Валерий Евдокименко, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері:

– Тура 25 жыл бұрын біздің өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясының филиалы құрылды. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, әрбір этнос өкілі түп-тамырларын еске ала бастады. Бұл ретте Ассамблеяның алатын орны зор. Барлық ұлт өкілдері жиылып, өз бірлестіктерін құрды. Әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлері, тілі мен ділін дәріптеуге кірісті. Жиі жиналып, түрлі іс-шаралар өткізетінбіз.

Көптеген этномәдени бірлестіктердің тарихы Ассамблеяныкімен тұстас келеді. Бірақ, араларында 25 жыл емес, 30 жыл бұрын құрылғандары да бар екен. Солардың бірі -«Дуслык» татар-башқұрт орталығы.

Фанис Литфуллин, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

– 1988 жылы татар мен башқұрттар жиылып, Сабантой мейрамын атап өтті. Мерекеден кейін, шараны ұйымдастыруға қатысқан белсенділер тағы бас қосты. Осылайша, «Дуслык» этномәдени бірлестігі өз жұмысын бастады.

Кейін Сабантойды тойлауға тек татар мен башқұрттар ғана емес, өзге де этнос өкілдері ат салыса бастады. Масленница да жалпыхалықтық шараға айналды. Қазақстанда атап өтілетін мерекелердің ішінде Наурыздың алар орны бөлек. Бұл күні тіліне, діліне қарамастан барлығы бір-бірін құттықтап, ортақ шаңырақ – еліміздің дамуын тілейді. Татулық пен сыйластық деген осы болар.

 

 

Эльмира Садвокасова