МТРА жаңалықтары

Қауіптілігі жоғары санаттағы химиялық заттар сатылымнан алынды

Елімізде зиянкес жәндіктерді өлтіруге арналған химиялық заттардан улану фактілері жиілеп кеткен. Соған байланысты ақпанның 20-сы қауіптілігі жоғары 1-ші, 2-ші, және 3-ші санаттағы препараттар сатылымнан алынып тасталды.

Қандала, тарақан, кеміргіштер мен басқа да түрлі жәндіктер. Бұл көп жағдайда үйді таза ұстамаудың салдарынан пайда болатын зиянкестер. Олар тек тағамға ғана тиісіп қоймай, қағаз, теріден жасалған бұйымдарды бүлдіреді. Сондай-ақ, көптеген жұқпалы ауру таратады. Мұндай құрт-құмырсқалардан құтылу қиын екені айтпаса да түсінікті. Сол себепті, тұрғындарың дені түрлі дезинсекциялық және дератизациялық препараттармен тазалап жатады. Дегенмен, химиялық заттарды сатып алушылар оның денсаулыққа қауіптілігін біле бермейді.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

 – Дезинсекциялық және дератизациялық құралдардың кейбірі адам ағзасына кері әсер етеді. Одан уланып, тіпті, өліп кетуі мүмкін. Сол себепті, көп қабатты үйде тұратындар химиялық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатса, көршілерін де ескерту қажет.

Бүгінде осы қарапайым дүниені білместіктіктен еліміздің өзге облыстарында химиялық заттан уланып қалу фактілері тіркелген. Мәселен, Маңғыстау облысында жыл басынан бері 11 адам уланып, 1-уі көз жұмған. Ал Шымкентте 3 жанның денсаулығына зиян келіп, 1-уі қаза тапқан. Мұндай жағдайлар теріскей өңірінде соңғы 1-2 жылда тіркелмепті.

Жалдпы, химиялық тазалау заттарынан уланудың алдын алу үшін елімізде ақпанның 20-сынан бастап уақытша қаулы қабылданды.

Айнаш Сағандықова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

 – Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қауіптілігі 1,2,3-ші сыныптағы дезинсекция және дератизация құралдарын іске асыруға тыйым салынды.

Осы орайда айта кетейік, өңірде зиянкестерден зарарсыздандыру жұмыстарымен айналысатын 16 ұйым бар. Оның 8-і қалада орналасқан.

Николай Немченко – кәсіпкерлік директоры:

– Біз тазарту жұмыстарына қажетті құралдарды дүкендерден сатып алмаймыз. Арнайы тапсырыспен жеткіземіз. Химиялық заттарға қатысты жарияланған уақытша тыйым дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі, кейбір мекемелер жұмысына жауапкершілік танытпай, қолданатын дүниелердің нормасын шектен тыс асырып жібереді.

Сондай-ақ, бейінді департамент өкілдері тұрғындарға химиялық зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін мамандарға жүгінуге кеңес береді.

Актолкын Солтанханкызы