ҚоғамХалық тарих толқынында

1 наурыз – Алғыс айту күні

Әр түрлі ұлт өкілдерінің қиын-қыстау кезеңде бір халыққа айналуының көрінісі. 20-шы ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға 1 млн-нан астам адам күштеп қоныс аударылды. Солақай саясаттан жапа шеккен жандар үйсіз, күйсіз айдалада қалдырылды. Білдей бір этностың жойылмай, адамдардың аман қалуына қазақ халқы көмектесті. Пана берді, тамақ берді, болашаққа деген үміт отын қайта жандырды. 1 наурыз – Алғыс айту күні.

Тарихта қанмен жазылған күн. 1944 жыл 25 ақпан Шешен-Ингуш елінің Хайбах елді мекені. НКВД адамдары жергілікті халықты күштеп депортацияға дайындауда. Егде жастағы қариялар мен кішкентайлар таудан түсе алмапты. Бірақ, «Чечевица» атты операцияның күл-талқаны шығуына жол беруге болмайды деген бұйрық бар. Бұйрық орындалды.

Ат қорада тірідей жанып кеткен 705 адам. Ешбір жазығы жоқ 705 шешен-ингуштың қыршыннан қиылған тағдыры. Бұл біз үшін шынайы оқиғаға негізделген кинофильмнен үзінді болса, Саип Байдуев үшін жанұя тарихының қанды кезеңі. 1944-те бұл сарайда оның әжесімен бірге тағы 20 шақты туысы жарық дүниемен қоштасқан. Атасы, анасы мен оның бауырларының сәл жолы болды. Олар таудан түсті, депортацияланды, Қазақстан жеріне жетті.

Саип Байдуев – «Вайнах» шешен-ингуш қауымдастығының төрағасы:

– Менің анам Семей жеріне депортацияланды. Сол жерде атам көз жұмды. Кейін анам өзге туыстарын іздеу үшін Шымкентке жол тартты. Қайда болмасын, қазақ халқының көмегіне жүгінді. Жергілікті тұрғындар барымен бөлісті. Бірде шешен-ингуш балалары жалғыз сиыры бар адамға барыпты. Ол балғындарға бір стақан сүттен берген екен. Кейін жеткіншектер тағы екі мәрте келіп, ақ сұраған. Балаларды бірде бір рет балаларды қуып жіберген жоқ. Керісінше, бір шелек сүтті үш шелек сумен араластырып, депортацияланғандарға үлестірген.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бастапқы екі жылда Қазақстан мен Қырғызстанға қоныс аударған шешен-ингуштардың 150 мыңы қаза тапқан. Жергілікті халықтың көмегі болмаса, түгел ұлт та жойылып кетер ме еді дейді Саип Байдуев. Қазақтарға деген алғысын Алексей Хан да жеткізуде. Оның айтар өз тарихы бар…

Алексей Хан – «Хангук Қазақстан» корей этномәдени орталығының төрағасы:

 – Менің арғы атам мен апамның жанұясы Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылды. Барлық халықты жүк вагондарымен жеткізген. Ішіне екі қабатты тақтайдан жататын орын жасапты. 40 шақты адам бір ай бойы поезбен жүріп келген. Ол күніне тек екі мәрте тоқтапты. Ал 1938 жылдың суық күзінде менің ата-бабаларым болған вагонды Ақмола облысының Макинка деген ауылында қалдырып кеткен.

Осылайша елімізге түрі бізге ұқсас, бірақ тілі мен ділі басқа ұлт өкілдері келе бастады. Келді емес, күштеп көшірілді. Айдалада қақаған суықта жұп-жұқа киімдермен қалдырылды. Айдалған халық тағдыр тауқыметін молынан көрді. Жылап жатқан балаға берер бір үзім нан жоқ, денесі қалтыраған қарияның үстіне жабар жылы киім де жоқ, үй жоқ, күй жоқ. Бірақ, қазақтар бар.

Алексей Хан – «Хангук Қазақстан» корей этномәдени орталығының төрағасы:

– Корейлердің тұратын баспанасы болмады. Сондықтан, олар жерді қазып, лашық жасады. Едені мен төбесін ағаш бұтақтарынан дайындады. Ересектердің барлығы осылайша қыстады. Араларында көз жұмғандары көп болды. Ал барлық кішкентай балаларды қыс басталғанда қазақ халқы өздеріне алыпты. Бір үзім нанмен бөлісіп, оларды аман қалдырды.

Ал келесі қыстан бастап әр қазақ жанұясы тағы 5-6 адаммен толыққан. Балалармен бірге жергілікті халық түгел отбасыларды өз қанаттарының астына алған. Бұл – екі отбасының ғана тағдыры емес, бұл 20-шы ғасырдың бірінші жартысында қазақ жерінен пана тапқан барша этнос өкілдерінің тарихы. Сталиндік саясаттан жапа шеккен 1 млн – нан аса адамның оқиғасы. Бұл – әр түрлі ұлт өкілдерінің қиын-қыстау кезеңде бір халыққа айналуының көрінісі.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова