Мәдениет

Қуандық Қасымовтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Бүгін Петропавлда мәдениет қайраткері Қуандық Қасымовтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Жерлесіміз өңірдегі өнер саласының дамуына зор үлес қосқан. Өмірінің соңғы жылдары киелі шаңырақ – С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрына жетекшілік етті. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Қуандық Ишанғалиұлының туған-туыстары, жолдастары мен бұрынғы әріптестері қатысты.

Қуандық Ишанғалиұлы 1950 жылы Жамбыл ауданындағы Баян ауылында дүниеге келген. Жерлесіміз небәрі 4 жасында домбыра тартуды үйреніпті. Ер жеткен кезінде Сергеевка қаласындағы мектепке жұмысқа орналасады. Сонда ұл-қыздарға музыкадан сабақ берген екен. Зайыбы Раиса Қасымованың сөзінше, мұғалім болып қызмет ете жүріп, елді мекендегі мәдениет үйінде де түрлі шараларды ұйымдастырған. Кейін Алматыға оқуға түседі. Білім алып жүрген шағында әскерге шақырту алыпты.

Раиса Қасымова – Қуандық Қасымовтың зайыбы:

– Әскерде жүрген кезінде оны “қазақтың бұлбұлы” деп атап кеткен. Өйткені, борышын өтеп жүрсе де қолынан домбыраны тастамапты.

Шығармашылыққа деген махаббаты Қуандық Қасымовті биік белестерге жетелейді. Өңірде алғашқылардың бірі болып «Ақ бидай», «Әдемі-ау» сынды бірнеше өнер ұжымын құрады. Өмірінің соңғы 7 жылында С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрында директор болып жұмыс істеген екен. Дәл осы жерге Қуандық Ишанғалиұлының құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.

Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына жерлесіміздің туған-туыстары, дос-жарандары мен кезінде бірге жұмыс істеген әріптестері келді.

Спартак Рамазанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры:

– Мен Қуандық Ишанғалиұлының өнердегі баласымын. Кезінде қазақ өнерінің жолы болмай жатқан кезінде, дамуына үлкен үлес қосты.

Қуандық Ишанғалиұлы көзі тірі болса биыл 70 жасқа толушы еді.

Маржан Қасымбек