Білім

“Әскери робототехника негіздері” атты екі күндік семинар өтуде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Заман көшіне бейімделген сандық технологиялардың тілін білетін жаңа кадрларды дайындау керек” деген болатын. Жастардың IT-саласына деген қызығушылығы мен қабілетін қалыптастыру  өңірде мектеп қабырғасынан бастап жүргізіліп жатыр. Бүгінде “Өрлеу” ұлттық орталығының жергілікті филиалында арнайы семинар өткізілуде. Педагогтар шара барысында меңгерген тың жаңашылдықтарды оқушыларға үйретпек.

Мына робот – бір күндік семинардың нәтижесі. Өзі кішкентай-ақ болса да міндетін жақсы орындайды дейді құрастырушылар. Құлтемірдің қызметі – еден жуу екен. Оны жасаған – Талғат Жүсіпбеков пен Әсет Бақтыбаев. Екеуі де қазір “Өрлеуде” өтіп жатқан арнайы семинарға қатысып жүр. Талғат Жүсіпбеков Сергеевка қазақ орта мектебінде сабақ береді. Мына шарадан соң білген-тоқығанын жергілікті балаларға үйретемін дейді.

Талғат Жүсіпбеков, Сергеевка қазақ орта мектебінің АӘТД мұғалімі, Шал ақын ауданы:

– Қазіргі таңда мұндай семинарлардың пайдасы көп. Біз өз көргенімізді балаларға сабақ барысында оқытамыз. Оларға роботтарды қалай жинау, қалай іске қосатыны жайында, сондай-ақ, роботтармен қалай жұмыс істеу керектігін үйретеміз.

Қазіргі таңда 3D принтер таңсық дүние емес. Оны өнеркәсіптен бастап медицинаға дейін – түрлі салаларда қолданады. Бүгінгі семинарда тыңдаушылар робототехникадан басқа, 3D принтинг – сандық үшөлшемді пайдалана отыра, қабаттап шығаратын құрылғылар туралы да мәлімет алды.

Алмаз Тұрсынбеков, “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” бөлім басшысы:

– Семинар барысында тыңдаушыларымыз әскери робототехниканың негіздері туралы жалпы мәліметтер алып, бағдарламалық кешенмен танысты. Сондай-ақ, Петропавл қаласында орналасқан Оқушылар сарайында болып, Tetrix prime дизайнері негізінде жасалған мобильді робототехника туралы мәлімет алды.

Жалпы, семинарға өңір аудандарынан 25 маман қатысты. 8 сағаттық курстар 2 күн бойы жалғасады. Айта кететін жайт, дәл осындай шара “Өрлеуде” алғаш рет өтуде. Семинар соңында тыңдаушыларға арнайы сертификат беріледі.

Диана ЕСІМ