Балалар

Петропавлдық жас заманауи рюкзак жасап шығарды

Естімеген елде көп! Петропавлдық жас өнертапқыш бұрын-соңды Қазақстан мен Ресейде қолға алынбаған заманауи рюкзак жасап шығарды. Оны жарнамалық мақсатта пайдалануға болады. Яғни, ойыңыздағы дүниені сөмкедегі ЛЕД-экранға жазып, жұртшылыққа хабарлауға мүмкіндік бар. Жерлесіміз мұнымен тоқтап қалмай, жобаны әрмен қарай жетілдірмек ниетте.

Бұл – ЛЕД экраны бар жол дорбасы. Заманауи дүние сырт көзге иыққа асатын қарапайым рюкзак болып көрінеді. Бірақ, оның өз ерекшелігі бар. Данат Қалбанов есімді петропавлдық жас өнертапқыш сөмкеге арнап бағдарлама әзірлепті. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп алуға болады. Осы арқылы жазу жазып, жарық диотты шамдардың көмегімен экраннан көрсетуге мүмкіндік бар

Данат Қалбанов – “Digital Urpaq” оқушылар сарайының білім алушысы:

– Бұл – менің ескі сөмкем. Шетелдік сайттарды ақтарып отырып, оны ерекше үлгіде жабдықтауға болатындығын көрдім. Сосын бірден іске кірістім. Ойлағаным жүзеге асты. 2 айдың ішінде тың дүние жасап шығардық. Мұндай заманауи рюкзак Қазақстанда да, Ресейде де жоқ.

Ал бұл сөмкені қандай мақсатта пайдалануға болады? Оны жас өнертапқыштың өзі айтсын.

Данат Қалбанов – “Digital Urpaq” оқушылар сарайының білім алушысы:

– Рюкзакты жарнамалық мақсатта пайдалануға болады. Яғни, қандай да бір акцияның өтіп жатқандығын жазып, экраннан көрсетуге мүмкіндік бар. Бұл іс-шараның жұртшылыққа танылуына өз септігін тигізеді. Мен оған сенімдімін.

Рюкзактың бағасы да қолжетімді. Мысалы, заманауи сөмке 15 мың теңге тұрмақ. Ал Америкада әзірленетін дүние 5-6 есеге қымбат. Данаттың идеясын жүзеге асыруға ұстазы Геннадий Воробьев көмектесіпті. Алдағы уақытта қос жерлесіміз жобаны жетілдірмекші. Олар дисплейге көбірек анимация, навигатор, дыбыс ұлғайтқыш пен оятқыш қоспақ.

Геннадий Воробьев – “Digital Urpaq” оқушылар сарайының оқытушысы:

– Алдымен сөмкені ылғалдан қорғау амалдарын жасаймыз. Кейін, энергия үнемдеу жайын қарастырамыз. Мұның барлығын жүзеге асырамыз деп ойлаймын.

Данат шамамен жарты жылдың ішінде ойлағанын жүзеге асырып, әбден жетілдірген соң сөмкені жергілікті нарықта сатпақ ниетте. Жас өнертапқыш ерекше үлгідегі тауарға сұраныстың жоғары боларына сенеді.

Байболат Бектемірұлы