Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі жанның өтініші тыңдалды

Бүгін «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында “Кедергісіз келешек” жобасы аясында кездесу өтті. Жиында 2-ші топтағы мүгедек Шамиль Резвановтың өтініші тыңдалды. Он саусағынан бал тамған шебер жан 2 бөлмелі пәтерін 3 бөлмелі баспанаға ауыстырып, шеберхана ашқысы келеді. Жерлесіміз ол жерде аяқ киім жөндемек ниетте.

Шамиль Резванов – 2-ші топтағы мүгедек. Ол бала күнінен полиомиелит дертіне шалдыққан. Қала тұрғыны бертінге дейін балдақтың көмегімен жүріп-тұрған екен. Ал 2016-да мүлде арбаға таңылған. Себебі, бұл жылдың жаңбырлы қазанында жүруге арналған құралдың бүреуі далада тайып, жерлесіміз жерге жығылады. Осылай жамбас буынын қатты жарақаттап алады. Мұндай күрт өзгеріс азаматқа ауыр соққы болып тигенімен, оның еңбекқорлығына, бойдағы өнеріне кері әсер етпеді. Керісінше жігерін жаныды. Бүгінде солтүстікқазақстандық өзінің сүйікті ісі – аяқ киім жөндеумен айналысады.

Шамиль Резванов – қала тұрғыны:

– Мен 83-ші жылдан бері аяқ киім жөндеумен айналысамын. Істі қаланың орталығында орналасқан 2-ші қабаттағы өзімнің қос бөлмелі пәтерімде жүргіземін. Баспанам жұмыс істеуге өте тар. Сондықтан, оны 1-ші қабаттағы 3 бөлмеліге ауыстырғым келеді. Ойлағаным жүзеге асса, бір бөлмесін шеберханаға айналдырар едім. Өзім былтыр “Бастау” жобасы бойынша оқыдым. Сабақтың бірде-біреуін қалдырған жоқпын. Бірақ, зейнетке шыққандықтан грант берілмеді.

Жеке шеберхана ашылса, келушілердің де саны артады. Қазір клиенттердің қатары аса қалың емес. Өйткені, тұрғындардың біразы пәтерде аяқ киім жөнделетіндігін білмейді екен. Шамиль Резванов ойындағысын “Кедергісіз келешек” жобасы аясында өткізіліп жатқан жиында билік өкілдеріне жеткізді. Мамандар азаматқа көмектеспек ниетте.

Рүстем Әлібеков – «Nur Otan» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

– Сіз бүгін арыз жазыңыз. Әрі қарай біз осы құжат аясында жұмыс істейтін боламыз. Кейін, сізге ресми түрде жауап береміз.

Гүлмира Мәулетбаева – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

–  Сіз грантты зейнет жасына жеткендіктен ала алмадыңыз. Бірақ, мәселеңізді қайта қарастырып көрейік. Басқа да жолдармен несие рәсімдеуге болады.

Айта кетейік, “Кедергісіз келешек” – «Nur Otan» партиясының жобасы. Оның аясында билік өкілдері тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды, ұсыныс-тілектерін тыңдап, проблемаларды біржақты етуге тырысады.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

– Бүгінгі кездесуге жалғыз мүмкіндігі шектеулі жанның келуі түсінікті-ақ. Өйткені, кеше жаңбыр жауды, арты қарға ұласты. Осының салдарынан көктайғақ орын алды. Мұндай ауа райында жарымжан жандарға жүріп-тұру өте қиын. Алдағы уақытта “Кедергісіз келешек” жобасы аясында осындай жиындар жалғасын табады. Келесі кездесу маусым айының 18-і күні ұйымдастырылмақ.

Байболат Бектемірұлы