Мәдениет

Мәдениет саласының дамуы

Өлкеде музейлер саны артпақ. Өңір жетекшісінің тапсырмасы бойынша тарихи-өлкетану мұражайы әр аудан орталығында болуы керек. Сондай-ақ, Ботай қонысының зерттелуіне 40 жыл толуына орай ауқымды этнофестиваль өткізу жоспарланып отыр. Бұл жайлы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама мен тілдер басқармасының бірлескен алқа отырысында айтылды.

Бүгінде өңірде клуб үлгісіндегі 266 мәдени мекеме, 322 кітапхана, 4 музей, 3 театр, 1 филармония мен архив және тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы бар. Бұл нысандардың барлығын қосқанда жалпы саны 2600-ден астам адам еңбек етеді екен. Өткен жылы олардың жалақылары орта есеппен 74 мың теңгенің көлемінде болыпты. Осы орайда айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы халыққа жолдауында 2020-дан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру жайлы айтқан еді. Бүгінде бұл өз нәтижесін берген.

Құралбек Атамұратов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы: 

–  Жолдауға сәйкес мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 35 пайызға өсті. Осылайша орта есеппен 96 мың теңгені құрап отыр.

Өткен жылы 34 мәдениет нысаны мен архив мекемелерін қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілген. Бұл мақсатқа 200 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Ал биыл тағы 9 мекеме күрделі жөндеу көрмек.
Сондай-ақ, өлкеде мұражайлардың қатарын арттыру көзделіп отыр. Яғни, әр аудан орталығында тарихи-өлкетану музейі болмақ. Бұл – өңір жетекшісінің тікелей тапсырмасы.
Онымен қоса, былтыр Уәлиханов ауданына қарасты Береке ауылының жанындағы Қызыл оба жерінде ортағасырлық тарихи ескерткіш табылды.

Құралбек Атамұратов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Бұл өз кезегінде 14-ші ғасырға жататын Жошы ханның мұрасын кеңінен зерттеуге ықпал ететін маңызды фактор болып табылады. Осының бәрі Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылып жатқаны маңызды. Археологиялық зерттеу жұмыстары одан әрі қарай жалғасатын болады.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында да бірталай жұмыс атқарылған. Қазіргі уақытта облыс аумағында 33 қасиетті нысан бар. Оның 8-і – “Қазақстанның сакралды географиясы” жобасына енген. Соңғы екеуі былтыр қосылыпты.

Рақат Мамбеталинов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

– Алдағы уақытта жалпұлттық тізімге енгізілген нысан аумақтарындағы инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыс атқарамыз. Себебі, қасиетті жерлерге баратын меймандар үшін тиісті жағдай жасалмаған, жолдың да тозығы жеткен. Сондай-ақ, қыркүйек-қазан айларында “Қасиетті Қазақстан” энциклопедиясының 4-ші томы жарыққа шығады. Бұл кітапта Солтүстік Қазақстандағы жалпыұлттық рухани мекендер туралы жазылады.

Биыл Ботай қонысын археологиялық тұрғыда зерттеудің жүргізіліп жатқанына 40 жыл толып отыр. Осы датаға орай өңірде этнофестиваль өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, Абай мен әл-Фарабидің мерейтойлары аясында түрлі қойылымдар, концерттік бағдарламалар мен 4 бірдей облыстық фестиваль ұйымдастырылады.

Актолкын Солтанханкызы