МТРА жаңалықтары

Кәсіподақ ұйымдарының жұмысы сараланды

Жетістіктер мен алға қойған мақсаттар. Бүгін облыстық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері өткен жылы атқарған жұмыстарын баяндады. Қазіргі күні бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қатарында 63 мыңнан аса солтүстікқазақстандық бар екен. Былтыр белсенді жандар өңіріміздегі жұмысшылардың құқығын қорғау бағытында ауқымды жұмыс атқарыпты.

Соңғы 12 айда өңірдегі кәсіподақ ұйымдарымен атқарылған шаруа ауыз толтырып айтарлықтай. Бірлестік мүшелері солтүстікқазақстандықтардың жұмысына барынша жағдай жасап, лайықты жалақы алып, еңбек демалысына уақытылы шығуын қамтамасыз ету үшін біраз тер төккен.

Ерік Нұрақаев – «СҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:

– Жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін көтермейінше кәсіподақтың жұмысы алға баспайды. Ең алдымен жалақыны көтеру қажет. Президенттің өзі еңбекақыны кейбір ұйымдардың жасыратынын айтқан болатын. Оны қалай жоюға болады деген сұрақты Үкіметке қойған еді.

Конвертке салынып беретін жалақымен күрес өңірде белсенді жүргізілді. Бұл – облыстық кәсіподақтар орталығының өткен жылғы басты жетістіктерінің бірі. Себебі, қазір өңірдегі мекемелердің 98 пайызында 5 мыңнан аса ұжымдық келісім шарт жасалған. Жұмысшылардың құқығын қорғауды көздеген бірлестіктің қатары былтыр 6,5 мың жерлесімізбен толығыпты. Жергілікті кәсіподақ ұйымының жанындағы татуластыру орталығы да жемісті жұмыс атқарып келеді. Былтыр өз проблемаларымен мамандардың көмегіне теріскейліктер 600 мәрте жүгініпті.

Людмила Голенкова, «СҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің медиация мен заңгерлік сұрақтар бойынша бас маманы:

– Бізге жерлестеріміз әр түрлі мәселелер бойынша жүгінді. Бірі кеңесуге келсе, енді бірі сауатты арыз жазуға көмек сұрады. Жұмыс барысында орын алған 24 жанжалды сотқа жеткізбей шеше алдық.

Атқарылған шаруа аз емес, алайда 2020-ға да жоспар көп. Оның бірі мемлекеттік қызметшілерге байланысты. 2024 жылға дейін мамандардың саны ел бойынша 25 пайызға қысқарады.

Темірғали Әбілмәжінов – «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ СҚОФ төрағасы:

–  Сәуір айынан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны шамамен 5 пайызға қысқарады. Ертең бұл мамандар жұмыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан, осы шараға белсене араласып, олардың екі қолға бір күрекпен қамтылуына көмектесетін боламыз.

Бүгінде өңірде 1200-ден аса бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Бірлестіктерге 63 мың солтүстікқазақстандық мүшелік етеді екен.

Эльмира Садвокасова