МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы 4-ші республикалық форумы өтті

Бүгін елордада кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы 4-ші республикалық форумы өтті. Жиында бизнесмендер мен мемлекеттік органдар арасында туындайтын бармақ басты, көз қыстылық фактілерін болдырмау жайлы талқыланды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың мәліметінше, бүгінде мемлекеттік органдар бизнеске 970 рет заңсыз араласқан. Тағы 350 адам өз өкілеттіктерін асыра пайдаланыпты. Жергілікті кәсіпкерлер палатасы мен жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бизнестің алдында жөнсіз туындайтын кедергілерді жою мақсатында бірлесіп әрекет етуде.
Мәселен, соңғы 1-2 жылда инвесторлардың 600-дей мәселесі шешілген.

Жеңіс Қазиев – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Кәсіпкерлер көп жағдайда туындаған мәселенің дұрыс шешілуін жөнді білмегендіктен бармақ басты, көз қыстылыққа өздері жол береді. Бұның алдын алу үшін бизнес өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу керек.

Сондай-ақ, бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері «Бизнес және инвестицияны қорғау» жобасын жүзеге асырып жатыр. Бастама аясында жергілікті және шетелдік инвесторлармен 140 млрд теңгенің 16 келісімі жасалған.

Амангелді Сатанов – “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Егер кәсіпкерлер алдында мемлекеттік органдарға қатысты қандай да бір түйткіл туындап жатса, бізге келіп жүгіну керек. Біз тараптарды тыңдап, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге тырысамыз.

Жиынға қатысушылар сөз соңында жемқорлықты болдырмау туралы ұсыныстарымен алмасты.

Актолкын Солтанханкызы