МТРА жаңалықтары

Өңірде талапқа сай келмеген 79 мың келі тауар саудадан алынып тасталған

Өңірде өткен жылы тиісті талапқа сай келмеген 79 мың келі тауар  саудадан алынып тасталған. Оның ішінде азық-түліктен бөлек, ойыншықтар да бар. Бірінен  адам ағзасына зиянды химиялық элементтер табылса, енді бірінің / құрамы мен қаптамасында жазылған мәлімет екі түрлі. Жалпы, былтыр санитар мамандар 4 мың 500-ге жуық тауарды тексерістен өткізіпті.

Күнделікті дүкен сөрелерінен азық-түлік пен өзге де заттарды алғанда неге мән бересіз? Әрі кетсе жарамдылық мерзіміне назар аударасыз, солай емес пе? Алайда, шығындалып алған дүниеңіздің сырты бүтін, іші түтін болуы әбден мүмкін. Мәселен, бүлдіршіндердің сүйікті ойыншықтарын алайық. Үстелде жатқан кішкентай көліктер мен қуыршақтар техникалық регламентке сай келмейді. Кейбірінің құрамында, тіпті, фенол, формальдегид, изопропил спирті де бар екен. Қарапайым сөзбен айтқанда тауарлар бауыр мен бүйрек, тыныс алу жолдары мен орталық жүйке жүйесіне кері әсер етеді дейді мамандар. Өкініштісі сол – өнімдердің барлығы жергілікті дүкендердің сатылымында болған.

Мария Садилова – Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалы зертханасының зертханашысы:

– Ойыншық сынамаларының барлығын жіті тексерістен өткіземіз. Алдымен, өнімнің сыртын екі мәрте шайып, салмағын есептейміз. Кейін термостатқа су құйып, ішіне саламыз. Үш сағаттан кейін осы суды зерттеуге кірісеміз. Жалпы, сынаманың құрамын анықтауға 5 сағат уақыт кетеді.

2019 жылы зертхана тексерісінен 277 ойыншық өтіпті. Барлығы бірдей өңірдегі сауда павильондарынан алынған. Нәтиже көңіл көншітерлік емес.

Наталья Беляева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

–  117 сынама техникалық регламент талабына сай болмай шықты. 14 өнім ағзаға зиянды деп табылды. Олардың барлығы Қытайда шығарылған. Ал қалған тауарлардың қаптамасында қажетті ақпарат көрсетілмеген. Мәселен, мағлұмат тек орыс тілінде берілген, кейбірінде ойыншық импортталған ел мен дайындаушы компанияның атауы жазылмаған. Олқылықтар анықталған өнімдердің барлығын дүкен сөрелерінен алып тастадық.

Олқылықтар азық-түліктерде де аз емес. Оның 2773 үлгісі тексеріске алыныпты. 172-сінің ДНҚ-сы зерттелген. 37 пайызы талапқа сай емес. Ресейлік тауар өндірушілердің кейбірі үшін құс пен шошқа етінің айырмашылығы жоқ көрінеді. Қаптамасына «халал өнім» деп жазады дадоңыз еті мен майын қосады. Бұл жауапсыз компаниялардың тарапынан жіберілетін олқылықтардың тек бір парасы ғана.

Әділ Қорғанбаев – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:

–  Зерттелген 140 сынамадан 11 сынамада антибиотиктердің қалдық мөлшері анықталды. Сондай-ақ, құс өнімдерінің 7 сынамасында сальмонелланың себілуі байқалды. Сүт өнімдерінде майлы-қышқыл құрамының 46 зерттелген сынаманың ішінен 16 сынамада сәйкес келмеушілік анықталды.

Жалпы, былтыр өңірдегі 327 сауда нысанынан 4500-дей тауар сынамасы тексеріске алынған. Олардың 17 пайызы нормаға сай емес деп табылды. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша мамандар 140 ескерту жазып, әкімшілік құқықбұзушылық жайында 43 хаттама толтырған. Соңында дүкен иелері мен тауар өндірушілерге 5 млн теңгеден астам айыппұл салыныпты.

Эльмира Садвокасова