ТЖ

Өңірде “Көктем-2020” оқу-жаттығу жиыны өтті

“Көктем-2020”. Бүгін Қызылжар ауданында командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Шара барысында құтқарушылар су тасқынының алдын алу бойынша іс-әрекеттерін пысықтады.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Біз дәл қазір Қызылжар ауданының орталығы – Бөскөл ауылындамыз. Мұнда 15 мыңға жуық адам тұрады. Елді мекен Есілге жақын орналасқан. Көктем кезінде өзен деңгейі көтерілсе, ауылдағы 4 аумақты су басу қаупі бар. Осыны ескерген ТЖД-ның мамандары бескөлдіктерге арнап алдын ала оқу-жаттығуларын өткізіп жатыр.

Сценарий бойынша мына үйді су басып қалған. Іштегі кісіген қауіп төніп тұр. Мұны байқаған мамандар 1 секунд та кідірмей азаматты құтқаруда. Олар жылдам әрі сапалы әрекет етті. Осының нәтижесінде қызметкерлер 2 минуттың ішінде тұрғынды сыртқа шығарды. Адам дін аман.

Бұл жерде құтқарушылардан бөлек, 6637 әскери бөлімінің сарбаздары да өз дайындықтарын пысықтауда. Жауынгерлер қапшықтарды құммен толтырып жатыр. Кейін, дайындалған дүниені өзен жағасына әкеліп, қызыл суды ауылға қарай өткізбеуге арналған бөгет орнатады.

Ал апат орын алып, баспаналарды су баса қалса не болмақ? Мұндай жағдайда тұрғындар Бескөлдегі №2 орта мектеп пен «Парасат» мектеп-лицейінің спорт залдарына орналастыралады. Ол жерге 100-ден астам төсек-орын әкелініпті. Бүгінде аудан орталығында көшелерді қардан тазалау жұмыстары да қызу жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін ауылдан 800 мың текше метр ақ ұлпа сыртқа шығарылыпты.

Аслан Ахметжанов – Қызылжар аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:

– Мұндай шара жылда өткізіледі. Біз көктемгі су тасқынына жан-жақты әзірленіп жатырмыз. Биылғы қауырт маусымда ауданымызда 160-қа тарта маман мен 60-қа жуық техника күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Қазір жерді қазуға арналған көліктер тексерістен өтіп жатыр.

Оқу-жаттығу жиынын облыстық ТЖД-нің бастығы Рамиль Камалов бақылап тұр. Ол қазір қауырт кезеңге дайындық жұмыстары өңіріміздің барлық ауданында жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Жалпы, биыл өңір аумағындағы 92 елді мекенді су басу қаупі бар. Бүгінде ол жерлерде тұратын 9 мың адамды жайғастыратын арнайы орындар дайындалып жатыр. Сондай-ақ, азық-түлік пен гигиеналық құралдар әзірленуде. Тұрғындарға психолог мамандар да көмек көрсетеді.

Шара барысында құтқарушылар өрт сөндіру кезіндегі іс-әрекеттерін де пысықтады. Қызметкерлер отқа оранған үйден адамды сыртқа шығарып, тілсіз жауды ауыздықтады. Жалпы, бүгін “Көктем-2020” командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өңіріміздің барлық ауданында өтті. Мамандар биыл көктем лебі ерте сезілгендігін айтады. Сондықтан, қауырт маусымға наурыздың 10-ына дейін сақадай-сай болу шарт.

Маржан Қасымбек