МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде 92 елді мекенді су басу қаупі бар

Өңірде 92 елді мекенді су басу қаупі бар. Тізімге өзге де ауылдардың атауы қосылуы ғажап емес. Қазір төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен жергілікті атқарушы билік өкілдері қауырт кезеңге сақадай-сай отыр. Көмекке Жамбыл мен Қызылорда облыстарынан 2 мыңға жуық құтқарушы келмек.

Бірі көктемнің жақындап, күннің жылынып жатқанына қуанса, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы билік өкілдері тақымдарын қысып отыр. Қазір мамандар үшін ең қиын кезең бастау алды. Жауын-шашынның әрбір мм-і мен ауа температурасының әрбір градусы қазір – маңызды дерек. Себебі, көктемнің ауылы алыс емес, сәйкесінше қызыл суға төтеп беруге дайын болу керек.

Қымбат Мерғалимова – “Қазгидромет” РММ СҚОФ директоры:

– Наурызда жауын-шашын мөлшерден көп түседі деп күтілуде. Айдың басында ауа райы қатты өзгермейді. Температура екінші онкүндіктен бастап жоғарыламақ. Қар да осы уақыттан бастап күрт ерітин болады.

Алаңдауға себеп бар. Мәселе –  күннің жылынуында емес, қыс бойы түскен ақ ұлпаның мөлшерінде. Оның қалыңдығы әдеттегіден әлдеқайда жоғары. Метереологиялық болжамға сенер болсақ, биыл 2017-дегі тасқын қайталануы әбден мүмкін. Қар күрт ерісе, бірқатар елді мекенді қызыл су басуы ықтимал деген сөз. Қауіп, әсіресе, Ғ.Мүсірепов, Айыртау мен Шал ақын аудандарына төніп тұр. Мұндағы ылғал қоры нормадан 1,5 есеге көп екен.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Ғ.Мүсірепов пен Айыртау аудандарына қауіп Бабық-Бұрлық, Ақан-Бұрлық, Иманбұрлық, Жембарақ пен Шарық кіші өзендерінен төніп тұр. Қауырт маусымда мұнда мұз бөліктерінің еркін өтуіне жағдай жасау керек. Өзендердегі судың деңгейін үнемі бақылап, мониторинг жүргізу керек.

Ақжар ауданының бірқатар ауылдары да қауіпті аймаққа ілінді. Ленинградское мен Талшық тұрғындары Шаттың деңгейін бақылаумен отыр.

Ал Ащыкөл, Қулыкөл мен Совхозное ауылдарындағы ағайынды алқаптарда еритін қар суы уайымға салуда.
Уәлиханов ауданына қарасты Қаратал тұрғындары биыл да баспаналарын уақытша тастауға тура келуі мүмкін. Эвакуацияға қулыкөлдіктер де дайын отырулары қажет. Қауіп сол баяғы Сілетіден төніп тұр. Тайынша, Есіл, Мамлют аудандары да кез келген жағдайға сақадай дай болулары тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биылғы көктем қиынға соқпақ. 92 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл географиялық ауқым бір-ақ мезетте кеңеюі мүмкін. Әрбір аудан әкімі қауырт маусымға дайын болуы қажет. Әсіресе, техникамен қамтылу жағын ойластырыңыздар. Бұл іске агроқұрылымдарды да қосылуға шақырамыз. Қажет болса, өзге өңірлерден алыңыздар. Аталған мақсатқа біз тиісті қаржыны бөлеміз.

Ауылдағы ағайынмен бірге қауырт маусымнан петропавлдықтар сескеніп отыр. Әсіресе, жеке сектордың тұрғындары. Қазір олар қарды жаппай аулаларынан шығарып жатыр. Шаһар басшысы коммуналдық қызметтер көшелерді ақ ұлпадан тазалайды деп уәдесін берген болатын.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Жыл сайын тасқын су жазғы үйлерді басады. Биыл қауіп-қатер 5 мыңнан аса саяжай учаскесіне төніп тұр. Оның ішінде 126 нысанда адамдар тұрып жатыр. Халықты орын алуы мүмкін қызыл су жайлы ескерттік.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Болат Серікұлы, баяндамаңыз әдемі. Бірақ, маған қала тұрғындарынан шағымдар әлі күнге дейін келуде. Шаруаны атқарып үлгермеудесіздер. Керек болса, 3 ауысыммен жұмыс істеңіздер.

Қауырт маусым өткеннен кейін, солтүстікқазақстандықтарды басқа науқан күтіп тұр. Биыл елімізде халық санағы жүргізілмек.

Марал Нұржауыпова – СҚО статистика департаментінің басшысы:

– Науқан екі кезеңнен тұрмақ. Алғашқысы маусым айында жүргізіледі. Мамандар барлық тұрғын және иесіз қалған үйлерді аралап, тұрғындардың санын анықтайды. Ал қазанда сауалнама толтыру арқылы халық санағы жүргізіледі. Ерекшелігі сол – шаруа электронды түрде жүзеге асырылады. Науқан барысында 1 мың жаңа жұмыс орны пайда болмақ.

Бүгінде елімізде алаяқтар науқанды пайдаланып ақшаны оңай қалтаға басудың жаңа әдісін тапқан. Олар тұрғындармен жүздесіп, керек ақпаратты жинайды екен. Кейін баспананы тып-типыл етіп, тонап кетеді. Сондықтан, естіген құлаққа алтын сырған. Санақ тек маусым мен қазанда жүргізіледі. Әрі мамандардың барлығында тиісті бейджик пен шарф болады. Әкімдік отырысының соңында сөз кезегі Құралай Жароваға берілді. Облыстық кәсіпкерлік пен туризм басқармасының басшысы өңірдегі азық-түлік бағасы турасында баяндады. Қазір мониторингтік топ әрбір ауданда тексеріс жүргізуде. Осылайша, әлеуметтік маңызы бар өнім құнының негізсіз жоғарылауына тосқауыл қойылып отыр.

Эльмира Садвокасова