Қоғам

ҚХА-ның 25 жылдығына арналып көрме ашылды

Ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар мен көне ыдыс-аяқтар. Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай көрме қанат жаяды. Шара барысында жұртшылық назарына 60-қа жуық жәдігер ұсынылды.

Өңірде 100-ден астам ұлт өкілі тұрады. Көпэтносты халқымызды ұйыстыратын да, олардың татулығының символы да киелі шаңырақ – Ассамблея. Қоғамдық институт биыл 2-ші мүшел жасын тойлағалы отыр. Мынау – ұйымның құрылуына қатысты алғашқы жарлық, қалыптасуы, дамуы, атқарған игілікті ісі – барлығы осы құжаттарда сайрап жатыр.

Сәбира Джунусова – облыстық тарихи-өлкетану музейі бөлімінің кіші ғылыми қызметкері:

– Фотоқұжаттарда осы ҚХА мерекелік іс-шараларында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге барлық мерекелер көрсетілген.

Мынау – көрмедегі көне жәдігерлердің бірі. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында жарық көрген неміс халқының әндер жинағы. Әзірбайжандардың ұлттық аспабын да кезіктірдік. “Кеманча” деп аталады екен. Міне – ұлттық киімдері. Бүгінде өңірдегі әзірбайжан мәдениеті орталығына 2 мың-ға жуық адам мүшелік етеді.

Чингиз Курбанов – СҚО әзірбайжан мәдениеті орталығының төрағасы:

– Биыл Ассамблеяның құрылғанына 25 жыл толғалы отыр. Қазақстан әр ұлттың өз тілін меңгеріп, салт-дәстүрін дәріптеуге мол мүмкіндіктер жасап отыр. Осы уақытқа дейін біздің құқығымызды шектеп көрген емес. Сол үшін өз ризашылығымызды білдіреміз. Алғыс айту күні қарсаңында жерлестерімді берекелі мейраммен шын жүрегімнен құттықтаймын.

Сондай-ақ, көрме қонақтарына арналып түрлі ұлттың билері паш етілген шағын концерт ұйымдастырылыпты. Танымдық шара жазға дейін жалғасын таппақ.

Ақтолқын Солтанханқызы