Мәдениет

Аймақаралық жас ақындар мүшайрасы өтті

Бүгін облыс орталығында “Өлең-сөздің патшасы” атты аймақаралық жас ақындар мүшайрасы өтті. Жыр аламанына 15 пен 35 жас аралығындағы жас ақындар қатысты. Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған сайыста Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары мен солтүстікқазақстандық 12 сөз шебері өзара мықтыны анықтады.

Хәкім Абай – қазақ руханиятының басты тұлғасы. Оның шығармалары мен артынан қалдырған өсиеті баға жетпес мұра болып ұрпақтан-ұрпаққа тарап келе жатыр. Қазіргі өскелең ұрпақ Абайдан үлгі алулары тиіс дейді жиында сөз алған “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Абай атамыздың шығармалары жалпы айтқан кезде дін саласы болсын, қоғамдық сала болсын барлығын қамтиды. Оның ішінде қазақы болмысымыз бен дәстүрімізді өлеңімен бізге жеткізгені.

Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған ақындар сайысының әлқиссасын павлодарлық Жарқынбек Амантайұлы бастады. Жас ақын біртуар тұлғаға арнап жазған туындысы мен өз шығармашылығынан бір өлең оқыды. Байқаудың шарты да сол. Өнер иесі Абай секілді ғұламаға арнап жыр жазу оңай болған жоқ. Себебі, оның барлық қасиетін бір ауыз өлеңге сыйғызу мүмкін емес дейді.

Жарқынбек Амантайұлы – ақын, Павлодар облысы:

– Абайдың барлық қасиетін беру үшін заңғар қаламгер Мұхтар Әуезовтің өзі бүкіл өмірін сарп еткен болатын. Сондықтан, Абайға арнап өлең жазу оңай шаруа емес.

Дәулет Жадырасын – студент. Ақындық жолға мектеп кезінен түсіпті. Содан бері түрлі додаларда жүлделі орындардан көрініп үлгеріпті. Өнер иесі Қызылжар өңіріне Қостанай облысынан ат терлетіп келген. Дәулет аққайыңдар өлкесінде алғаш өнер көрсетіп тұрмын дейді.

Дәулет Жадырасын – ақын, Қостанай облысы:

– Петропавлға 1-ші рет келім тұрмын. Ұнап жатыр, қонақжайлылығы керемет.

Жыр аламанында көршілес облыстардан жиылған барлығы 12 ақын бәйгеге түсті. Олар бұған дейін қазыларға өлеңдерін онлайн түрде жолдап, іріктеуден өткен.

Көгершін Бердағұлова – Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры:

– Мүшайраның 1-ші кезеңіне 41 жұмыс келіп түсті. Оның ішінен қазылар алқасы 12 ақынды іріктеп алды.

Сайыста топ жарған өнер иесі бас жүлде ретінде қанжығасын 150 мың теңгемен майлайды. Ал 1, 2, 3-орындарға 100 мың, 80 мың және 60 мың теңге беріледі. Ұйымдастырушылар өнерпаздарды құр қол жібермейміз дейді. Қалғандарына түрлі номинация бойынша 30 мың теңгеден табысталады.

Бердимурат Баймухан