Спорт

Теріскейлік акробатшылар ел чемпионатынан жүлделі оралды

Солтүстікқазақстандық акробатшылар жүлделі оралды! Жерлестеріміз Алматы қаласында өткен ҚР-ның чемпионатында 21 медаль еншіледі. Оның 8-і – алтын. Өңір намысын абыроймен қорғаған ұл-қыздармен әріптестерім тілдесіп қайтқан болатын.

Мына төрттіктің құрылғанына 5 жылдай болыпты. Жастары 12-ден 16-ға дейін.
Жас спортшылар жақында ел чемпонатында үздіктер қатарынан көрінді. Бұл олардың алғашқы жеңісі емес. Мәселен, былтыр дәл осы ұжым Уфа қаласында алтынан алқа тағынған. Тағы халықаралық турнирде жеңімпаз атаныпты.

Кирилл Молодецкий: акробатикадан өткен ел чемпионатының жеңімпазы:

– Нәтижемізге көңіліміз толады. Бәсекеге түсу оңай болды деп айта алмаймын. Әсіресе, алматылықтар жақсы дайындалып барған екен.

Мына үштіктің құрылғанына небәрі 1-ақ жыл болған. Дегенмен, қыздардың алға қойған арманы асқақ. Олар әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінуді мақсат етеді. Ал оған жету жолында арулар аянбай еңбектенуде. Бүгінде алғашқы жемісін де көріп отыр. Акробаттар оңтүстік астанамызда қола медальға ие болды.

Кристина Задаура, акробатикадан өткен ел чемпионатының қола жүлдегері:

– Қарсылас командалардың ішінен Алматы мен Павлодар қалаларының қыздарын атап өтер едім. Біз соларға ұтылып қалдық. Келесі жолы бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.

Негізі, байрақты бәсеке ақпанның 10-ы мен 15-і күндері Алматы қаласында өткен. Тартысқа еліміздің әр аймағынан 300-ге жуық жас қатысыпты. Оның 19 – солтүстікқазақстандық.

Андрей Ямпольский, спорттық акробатикадан облыстың аға жаттықтырушы:

– Қыздар да, ұлдар да жақсы нәтиже көрсетті. Қоржында 21-і медаль бар. Оның 8-і -алтын, 7-уі – күміс, қалғаны – қола. Дегенмен, әлі де жұмыс істейтін тұстар бар.

Жеңіспен оралған спортшылардың тынығуға уақыттары жоқ. Ұл-қыздар келесі жарысқа дайындықты бастап кеткен. Ол мамыр айында Тараз қаласында өтеді.

Маржан Қасымбек