Құқық қорғау органдарыҚоғам

Полицейлер мен еріктілер жалғызбасты қарияларға көмектесті

Қамқорлық пен көмек. Солтүстікқазақстандық полицейлер еріктілермен бірігіпқарияларға қолғабыс етті. Дәлірек айтсақ, жер үйлерде тұратын жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларын қардан тазартты. Мұндай шараларды тәртіп сақшылары желтоқсан айынан бастапты.

Қолдарына күрек алып, іске кіріскендер – Петропавл қалалық полиция басқармасының мамандары мен студенттер. Жалғызбасты қариялардың мекен жайларын анықтап, «еріктілер» көмек көрсетуге шығыпты. Қазір волонтер Шәжімбаев көшесінің бойында орналасқан жер үйдің ауласында еңбектенуде. Мұнда ішкі істер органдарының зейнеткері 81 жастағы Савелий Лукашов тұрады. Еріктілер баспана маңын ақ ұлпадан тазартып, қариямен әңгімелесті. Қаланың басқа шеті – Жұмысшы кентінде де жұмыс қызу. Мұнда зейнеттегі полицей Сәкен Бакетов пен отставкадағы майор Наталья Янышева көрші тұрады екен. Екеуіне де бүгін қолғабыс етуге бір топ волонтер келіпті.

Сәкен Бакетов – ІІО ардагері:

– Биыл қар көп түсті. Қыздар мен жігіттерге көп рахмет. Келіп ауланы қардан тазалап берді.

Ішкі істер саласында 40 жылдан астам уақыт еңбектенген Мария Буржинская да назарсыз қалмапты. Зейнеткерлердің барлығы полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Арман Жұмабаев – Петропавл қалалық ПБ қызметкері:

– Биыл қар қалың түсті. Сол себепті, жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетуге келдік. Қариялардың аулалары мен баспана төбесіне жиналып қалған қарды шығардық.

Полицейлер мұндай шараларды қыс біткенше өткізетіндіктерін жеткізді.

Бердимурат Баймухан