Денсаулық сақтау

Наурыздың 24-і – Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні

Наурыздың 24-і – Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні! Осыған орай өңірімізде профилактикалық айлық бастау алды. Оның аясында облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары қауіпті, жұқпалы аурудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Туберкулез – емделуі қиын дерттердің бірі. Мамандардың сөзінше, ол әлемдегі ең қауіпті 10 аурудың қатарына кіреді екен. Елімізде жылына осы індетті жүздеген адам жұқтырып алады. Өңірдің өзінде өткен жылы 348 адам науқастанып қалыпты. Десе де, көңілді бір жұбатарлығы, дертті жұқтыру 2018 жылға қарағанда 5 жағдайға азайған.

Қаныш Бижанов – облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Бүгінде диспансерде 500-ге жуық адам ем алып жатыр. Оның 12-сі – кәмелет жасқа толмағандар. Сондай-ақ, былтыр 350 мың адамды флюрографиялық тексерістен өткіздік. Нәтижесінде 219 адамның жұқпалы дертке шалдыққанын анықтадық.

Адамның өкпее ауруына шалдыққанын қалай анықтауға болады? Осыған тоқталсақ. Мамандар ең алдымен адамнан қақырық алып, оны микроскоп арқылы туберкулез таяқшаларының бар-жоғына тексереді. Егер таяқшалар көрінбесе, анализді тағы бір рет мына бір қондырғылардың көмегімен зерттейді. Аппараттардың бірінде індет анықталса, екіншісінде емдейтін дәрінің түрі белгілі болады.

Мейрамжан Кашкенов – облыстық фтизиопульмонология орталығының дәрігер-зерттеушісі:

– Мұндай қондырғылардың көмегімен бір сәтте 900-ге жуық адамның анализін тексере аламыз. Адамда туберкулез таяқшасының бір данасы болса да оны бірден көрсетеді. Ал келесі қондырғы кімге қандай дәрі көмектесетінін анықтайды.

Сондай-ақ, мамандар науқастарды емдеудің түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануда. Мәселен, бұрындары дәрігерлер адамның өкпесі тесілген жағдайда оны қысу үшін 2-3 қабырғасын кесіп тастаушы еді. Қазір бұл әдістің емдеу барысынан шететілгеніне 4 жылдан асыпты. Оның орнына өкпедегі тесікке силикон қояды. Бұл зат бірнеше жылға жарайды әрі адамның денсаулығына қауіпті емес дейді мамандар.

Тобылжан Жамақов – облыстық фтизиопульмонология орталығы өкпе-хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Егер өкпедегі қара дақтар кетпесе, біз онда ота жасаймыз. Операцияның түр-түрі бар.

Айта кетейік, наурыздың 24-і – Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні. Осыған орай – облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары ақпанның 24-інен бастап профилактикалық айлық өткізіп жатыр. Шара барысында ақ халаттылар тұрғындарға аурудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Маржан Қасымбек