БілімДенсаулық сақтау

Қалада кейбір сыныптар карантинге жабылған

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп карантинге жабылды. Мұнда білім алатын оқушылардың 30 пайызы жедел респиратОрлық-вирустық инфекция жұқтырып алған. Осы себеппен қалада тағы 8 оқу ошағындағы кейбір сыныптар жұмысын уақытша тоқтатыпты.

Бұл – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі. Әдетте мұнда кіре сала оқушыларды, қызметкерлерді кездестіретінбіз. Бүгін кабинеттерде де, дәлізде де тып-тыныш. Себебі, өткен аптада 630-дан аса оқушының 208-і жедел респираторлық-вирустық инфекциямен ауырып, білім ошағы ақпанның 21-інен бастап карантинге жабылған. Осындай режим 1 апта бойы сақталмақ.

Майра Сәрсенова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі оқу ісінің меңгерушісі:

– Мұғалімдер күнде мониторинг жүргізеді. Оқушылардың қалай емделіп жатқанын бақылап отырады.

Мектеп ақпанның 27-сі күні шәкірттерді қайта қабылдамақ. Жалпы, қалада карантинге жабылған жалғыз оқу ошағы бұл ғана емес. Бүгінде тағы 8 білім ұясындағы кейбір сыныптарда сабақ тоқтатылған. Оның ішінде №9 орта мектеп пен Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты да бар. Әрқайсысында қос сыныптан сабақтарын уақытша тоқтатқан.

Елена Балтина – қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Сонымен қатар, қаладағы №7, 24-ші, 25-ші және 26-шы мектептер мен М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейде бір сыныптан карантинге жабылды. Егер білім ошағындағы барлық оқушылардың 30 проценті сырқаттанып қалса, мекеме 5 немесе 7 күнге дейін жұмысын тоқтатады. Ал бір сыныпта оқитын ұл-қыздардың 20 проценті ауырған жағдайда карантин жарияланады.

Аурудың өршуіне не себеп? Осыған тоқталайық. Биылғы қыс жылы болды. Көктем де ерте келетін сыңайлы. Осының салдарынан жедел респираторлық-вирустық инфекцияны жұқтырғандадың да саны өсуде. Мектептегі кейбір сыныптардың карантинге байланысты уақытша жабылуына қала тұрғындары қарсы емес екен.

–  Карантинге жапқаны дұрыс. Өйткені, балалар ауруды бір-біріне жұқтарып алады.

– Менің ойымша дұрыс. Ұл-қыздар абай болғаны жөн.

Жалпы, бүгінде Петропавл қаласында 37 мектеп бар.

Маржан Қасымбек