Қоғам

Қаңғыбас иттерді аулау ережесі

Күшігін көз алдында атып кеткен. Мамлютка қаласында есік алдында жайбарақат жүрген сүйкімді жануарды біреулер келіп өлтіріп кеткен. Әділдік іздеп шарқ ұрған нәзікжанды біздің арнаға хабарласты. Қазір бұл оқиға бойынша прокурорлар тиісті тексеріс жүргізіп жатқан көрінеді. Бір өкініштісі, қазіргі уақытта қоғамда ит пен мысықтарды әлеумет алдында қатыгездікпен аулау шаралары азаймай отыр.

Оқиға 19-шы ақпан күні болған. Тапа-тал түсте Әлия Менжесарованың үйінің алдына бөтен бір көлік тоқтайды. Кейін белгісіз адам темір тұлпардан түспей, тек терезеден қаруын шығарып, маңайда жүрген 6 айлық күшікті атады. Мұндай қатыгездікті нәзікжанды терезеден көре сала, бірден далаға жүгіріп шығады. Бірақ, автокөлік ішінде отырған қос азамат істеген істері туралы мардымды жауап қайтармайды. Бір қызығы, дәл осындай жағдай былтыр да болыпты. Онда жерлесіміз тиісті органдарға шағымданбаған екен.

Әлия Менжесарова, Мамлютка қаласыны тұрғыны:

– Көлік ішінде отырғандардан құжаттарын сұрадым. Олар маған ешқандай куәлік көрсетпеді. Тек әкімшіліктің бұйрығы деп ауызша айтты. Кейін, аудандық ветеринарлық станцияға бардым. Бұл жердегі басшылық жұмыс орнында болмады. Ал күшік болса өлкен күйі үйдің маңында қалды. Солай біраз жатты. Шағым түсіргеннен кейін ғана алып кетті.

Бірер күннен соң Әлия Менжесарова бұл оқиғаны Петропавлдағы “Фауна” жастар қоғамдық бірлестігінің зооқорғаушыларына айтады. Еріктілер азаматшаның үйіне бірден келіп, істің анық-қанығын сұрастырады. Сөйтіп, аудандық прокуратураға арыз беруді ұсынады. Өз кезегінде нәзікжанды қадағалаушы орган өкілдеріне шағымданады. Қазір бұл іс қаралып жатыр екен.

Зооқорғаушылардың айтуынша қазір қалада мұндай жайттар жиілеп кеткен. Өйткені, тұрғындардың дені үй жануарларын аулау ережесін жөнді білмейтін көрінеді.

Анастасия Семухина, “Фауна” ЖҚБ зооеріктісі:

-Үй жануарларын аулау туралы ереже бар. Мұнда ит-мысықтарды атпай, тек арнайы оқпен ұйықтату керектігі көрсетілген немесе қаңғыбас төрт аяқтыларды белгілі бір орындарға тапсырып, 2 ай көлемінде иелерін күту қажеттігі жазылған. Егер осы аралықта қожайыны келмесе, ұйықтатату амалы жүргізіледі. Сонымен қатар, мұндай шаралар кішкентай балалардың көз алдында жасалмауы керек. Өйткені, бұл ұл-қыздардың психологиясына кері әсер етеді.

Сюжетті әзірлеу барысында қалалық ветеринарлық станция мамандарымен де кездестік. Олар үй жануарларын аулауға тек арнайы шақырту бойынша ғана шығатындарын айтып отыр.

Ирина Гуськова, қалалық ветеринарлық станция бөлімі директорының міндетін атқарушы: 

– Біз тек шақыртулар бойынша жұмыс істейміз. Сондай-ақ, 109 қызметі бар. Бұл нөмірге күніне 3-4 адам хабарласып, белгілі бір көшелерде қаңғыбас итердің толып жүргендігін жеткізеді. Мұндай ақпарды ала сала арнайы бригада жолға шығады. Осы орайда тұрғындарға айта кетейік, көшеде қарғыбаусыз жүрген үй жануары қаңғыбас болып саналады. Заң бойынша біз оларды сол жерде аулай аламыз. Ал үйдің ауласындағы иттерге тиіспейміз.

Бұл жалғыз біздің өлкедегі ғана жағдай емес. Осыған ұқсас оқиғалар еліміздің өзге де аймақтарында жиі орын алып жатады. Мұны тіпті француз киноактрисасы Брижит Бардо да естіпті. Ол тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдаған. Онда нәзікжанды Қазақстандағы үй жануарларының жағдайына алаңдайтығын жеткізген көрінеді. Президент шетелдік өнер иесінен түскен хат жайлы 12 ақпанда елордада өткен “Біргеміз” волонтерлер кеңсесінің ашылу салтанатында жұртшылыққа мәлім етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

-Жақында мен танымал киноактриса Брижит Бардодан иттер мен өзге де жануарларды қорғауды өтінген хатын алдым. Меніңше, бұл – дұрыс үндеу. Біз оған назар аударып, өзімізді мейірімді ұлт ретінде көрсетуіміз қажет. Әрине, өз азаматтарымызды, оның ішінде балаларды ғана емес, жануарларды да қорғауға мән беруге тиіспіз.

Сөз соңында қалалық ветеринарлық станция өкілдерінің пікіріне тоқталайық. Мамандар үй жануарларын зарарсыздандырғанша, бағып-қағатын орындардың көптеп ашылғанын қалайды. Жалпы, былтырдың өзінде осы мекеме қызметкерлері шаһарда 2 жарым мыңдай үй жануарын аулаған. Ал 2020-шы жыл басталғалы олардың саны 400-ге жуықтапты.

Ақтолқын Солтанханқызы