Денсаулық сақтау

Қаңтар айында МӘМС қорына 232 млн теңге түсті

2020 жылдың қаңтар айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жерлестерімізден 232 млн теңге түсіпті. Алайда, әлі күнге дейін уақытылы аударым жасамайтындар бар. Олардың саны бүгінде 20 мыңды құрайды. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингі барысында айтылды.

15 мыңнан 55 мың теңгеге дейін. Бұл – КТ мен МРТ-ның құны. Қалта қағарлық қызметке қазір тегін қол жеткізуге мүмкіндік бар. Облыстық ауруханада әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясындағы мүмкіндікті жыл басынан 450 жерлесіміз пайдаланған.

Татьяна Васина – облыстық ауруханының МРТ дәрігері:

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгелі бірқатар ақылы қызмет түрлері тегін болды. Ол үшін ең бастысы дәрігердің нұсқауы қажет. Күніне КТ мен МРТ-дан өтуге кемінде 20 шақты адам келеді. Диагностиканы жасату уақыты бір сағатқа дейін созылуы мүмкін.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру. Күн сайын бұқаралық ақпарат құралдары мен емдеу мекемелеріндегі қызметкерлерден еститініміз осы. Үстіміздегі жылдың басынан жүйе іске қосылып, қазір қордың мүмкіндіктерін барша халық пайдалануда. Бұған алғашқы бір айдың қорытындысы – дәлел.

Лариса Гордеева, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директоры:

– Үстіміздегі жылдың қаңтарында өңірде көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтердің саны 2019-дың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,1 есеге өскен. Оның ішінде КТ және МРТ-дан өтуге барған тұрғындардың саны 9 есеге көбейіпті.

Ай сайын қорға төлем жасаған да, жасамаған да қазір медициналық қызметтерді тегін алып жатыр. Алайда, бір айдан соң өңіріміздің кей тұрғындары бұл мүмкіндіктен қағылуы мүмкін. Себебі, олардың мәртебесі әлі күнге дейін сақтандырылмаған. 20 мың солтүстікқазақстандық үшін жұмыс берушілері аударымдарды жасамапты. Осы ретте жерлестеріміздің құлағына алтын сырға! Наурыздың 31-іне дейін мәртебені анықтап, міндетті түрде сақтандырылу қажет.

Маржан Касымбек