Аптадағы маңызды жаңалықтар

3 балабақшаның дауы

Дүрбелең туғызған мәселе. Қаладағы 3 балабақшаның кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берілуінің заңдылығын прокурорлар тексерген. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бірқатар бұзушылықтар анықталыпты.

“Балдәурен”, “Ақбота” мен “Ивушка”. Бұл 3 балабақша жыл басында кәсіпкерлерге сенімді басқаруға беріліп, қоғам арасында дау туғызған еді. Көп ұзамай балабақшалардың ісін прокурорлар бақылауға алды. Олар барлық құжаттарды көтеріп, процедуралардың заңдылығын тексерген.

Нұржігіт Сапаров – СҚО прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры:

– Тексеріс кезінде бірнеше бұзушылықтар анықталды. Мәселен, ведомствоаралық жоба тобы құрылмаған және жасалған шарттарда өндірістік жанжал болуының мүмкіндігі қарастырылмаған. Сондай-ақ, конкурс қорытындысы туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жарыққа шықпаған және біліктілік талаптары бойынша нақты деректер ұсынылмаған.

Сол уақытта балабақшалардың бірін «Grand-Broker» серіктестігі иеленген. Белгілі болғандай кәсіпорынның директоры Бақытжан Қашқымбаев қалалық білім бөлімінің басшысы Сара Рамазанованың азаматтық некедегі күйеуі болып шықты.

Нұржігіт Сапаров – СҚО прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры:

– Білім басқармасының және экономика басқармасының 2 орынбасары, сондай-ақ қалалық білім бөлімінің басшысы мен білім басқармасының құқықтық жұмыс бойынша бөлім басшысы жауапкершілікке тартылды.

Қалалық білім бөлімінің бастығы қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бердимурат Баймухан