МТРА жаңалықтарыҚоғам

25 мың 500 адам мемлекеттік қолдаудың шарапатын көрді

Мемлекеттік қолдаудың шарапаты! Былтыр 25 мың 500 солтүстікқазақстандық «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы атаныпты. Оның 650-ге жуығы – жарымжан адамдар. Бұл тізімде 3-ші топтағы мүгедек Александр ЛысЕнко да бар. Былтыр Булаево қаласының тұрғыны “Бастау” бағдарламасы бойынша оқып, жеке ісін ашқан. Қазір ол аудан орталығындағы дөңгелек ауыстыру орнына басшылық етеді. Кәсіпкермен ауданға арнайы барып жүздесіп қайттық.

Қайсарлық, табандылық, еңбекқорлық! Бұл қасиеттер 29 жастағы Александр ЛысЕнкоға тән. Себебі, ол жасөспірім шағында мүгедек атанса да басқа түскен қиындыққа мойымаған. Білім алған, әрі қарай еңбек еткен. Осының нәтижесінде жерлесіміз өңірдегі іскер жандардың қатарына қосылып отыр. Қазір оның Булаево қаласында дөңгелек ауыстыратын нысаны бар. Александр мұндай бизнесті “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты аясында бастаған екен.

Александр Лысенко – «Лысенко А.А.» ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– “Бастау” жобасы жайлы жолдасымнан естідім. Ол да осы бағдарлама бойынша оқыған болатын. Білім алып, қолыма сертификат тиген соң, несие рәсімдедім. Мемлекеттен қарастырылған қаржыға жер, бос тұрған нысан мен қондырғылар сатып алдым.

Бастаған ісі Александрдың жанына өте жақын. Ол студент кезінде дөңгелек ауыстыратын жерде еңбек етіп, нәпақа тауыпты. Бір қызығы, сол жұмыс істеген нысанды қазір өзі басқарып отыр.

“Білім алып, кәсіпкер атану қиын емес” -, дейді азамат. Қазір ниеті бар кез келген адамға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі.

Александр “Бастау” жобасы аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізіпті. 3 млн теңге болатын займ 6 пайыздық үстемеақымен 5 жылға рәсімделген екен. Оның үстіне қарыз ақшаны бірден қайтарудың қажеті жоқ, кемінде 6 айдан кейін өтей бастауға болады. Тағы жарты миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Жерлесіміз бұл қаражатты іске қажет қондырғыларды сатып алуға жұмсапты.

Александр Лысенко – «Лысенко А.А.» ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Барлық іс ойдағыдай, жылдам жүзеге асты. Ешқандай кедергі туындаған жоқ. Адамның алға қойған мақсаты, ойында идеясы болса, жүзеге асыру керек деп ойлаймын. Қорқудың қажеті жоқ. Кәсіп ашамын деген кез келген жанға мемлекет қолдау көрсетеді.

Қазіргі күні М.Жұмабаев ауданында Александр сияқты белсенді, еңбекқор жандар баршылық. Былтыр “Бастау” жобасы аясында 180 адам оқытудан өткен.

Ирина Графеева – М.Жұмабаев аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы:

– “Жұмыспен қамту” бағдарламасы бойынша 83 адамға несие берілді. Рәсімделген кредит 355 млн теңгені құрайды. Және 150 түлек жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін грант алды. Гранттың сомасы 50 млн теңгеге жақындайды. Мемлекеттік көмекке жүгінгендердің басым бөлігі – жастар.

Бүгінде өңірімізде жалғыз М.Жұмабаев ауданы ғана емес, өзге де аудандардың тұрғындары белсенділік танытып жатыр. Мәселен, былтыр 25 мың 500 солтүстікқазақстандық «Еңбек» бағдарламасының қатысушысы атаныпты. Оның 650-ге жуығы – жарымжан адамдар.

Байболат Култанов