Мәдениет

Жас суретші Станислав Алерттің жеке көрмесі ұйымдастырылды

Жастар сарайында петропавлдық жас суретші Станислав Алерттің кезекті жеке көрмесі ұйымдастырылды. Автордың стильдік ерекшелігі – барлық туындылар арнайы компъютерлік бағдарлама арқылы жасалып, әрленген. Көрмеден түскен қаражат қатерлі ісік ауруына шалдыққан 25 жастағы жерлесіміздің еміне жұмсалмақ.

Станислав Алерттің алғашқы көрмесі өткен жылдың жаз айларында өтті. Ол кезде суретшінің жұмыстары көпшіліктің назарын аудартып, ерекшелігімен таң қалдырды. Станислав жеткен жетістіктерімен тоқтап қалмаған. Өз шығармашылығын әрі қарай жалғастырып, жерлестерін кезекті рет қуантып отыр.

Станислав Алерт, суретші:

– Бұл көрме біріншіден – стилімен, екіншіден орындалу сапасымен ерекшеленеді. 00:35 Адамның ішкі жан дүниесіне байланысты суреттер көп болғандықтан жалпы атауы ретінде «Интроверт» деп қойдым. Әрбіреуінің өзіндік сыры бар. Тереңінен қарай білген адам өзіне бір ой түйер.

Жас суретші кез келген дүниеден шабыт аламын дейді. Кенеп бетінде Станиславтің жақын достары мен әйгілі тұлғалардың портреттері бейнеленген. Автордың көрмесін тамашалауға келген адамдар сұлулыққа сүйсініп қана қоймай, суретшімен бірге суретке де түсіп үлгеріпті.

– Мен осы выставкаға құрбыларыммен келдім. Бізге ұнады. Әдемі картиналарды көрдік.

– Әрине, Стас – өте өнерлі адам. Бұл көрмеде әлеуметтік тақырыптар айқын көрінеді.

Суреттерге қарап, құдды бір көркем әлемге енгендей күн кешесің. Көпшілік көбінесе мына қызыл-қара түспен бедерленген туындыға көп қарады. Әркім қиялға батып, өзге бір әлемде жүргендей болды.

Станислав Алерт, суретші:

– Мен үшін ең мағыналы жұмыс – «Семя» суреті. Яғни, ата-ана қандай тәрбие берсе, сондай азамат қалыптасады. Екінші еңбегім «Рывок» деп аталады. Мұндағы идея – жетістікке жету үшін бір орында отыра бермей, бір әрекет жасау керек.

Өмір болғаннан кейін бәрі де өтпелі. Бақытты балалық шақтың қалай алыстағанын күйбің тіршілікпен аңғармай қаламыз. «Балмұздақ» пен «Балалық шақтың аяқталуы» атты экспозициялар дәл осыны суреттейді.

Шекпенді қыздар – суретшінің жан айқайы. Ол жерлестерін табиғатты қорғап, пластикті қолдануды азайтуға шақырады.
Сонымен қатар, Станислав табиғатты ғана аяламай, көмекке мұқтаж жандарға да қол ұшын созу қажеттігін айтты.

Станислав Алерт, суретші:

– Сатылған суреттерден түскен қаржы қайырымдылық қорына тапсырылады. Менің жақын құрбым қиындыққа тап болды. Соған ақшалай көмек көрсетейін деп едім.

Қаланың танымал бапкері және қайырымдылық шаралардың ұйымдастырушысы 25 жастағы Екатерина Башкатоваға қатерлі ісік диагнозы қойылды. Бүгінде облыс тұрғындары жас және талантты қызға барынша көмек көрсетіп жатыр. Осыған байланысты наурыздың 1-і күні Жастар сарайында қайырымдылық концерті өтеді. Барлық жиналған қаражат Екатеринаның еміне жұмсалмақ. Шараға келемін десеңіз, есік ашық.

Зарина Маратқызы