Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үздік жобалар анықталады

Бүгінде облыстық кәсіпкерлер палатасында комиссия отырысы өтіп жатыр. Оның құрамындағы мамандар өткен жылы “Бастау-бизнес” бағдарламасы аясында білім алып, бірақ грантқа қол жеткізе алмаған 130-дан аса азаматтың жұмысын қарайды. Осылайша үздіктер анықталмақ. Алдағы уақытта мұндай жобаларға мемлекет тарапынан 530 мың теңге көлемінде ақшалай қолдау көрсетіледі.

Артем Подлобконың кәсіби массажбен айналысып жүргеніне 5 жыл болған. Әуелде Ресейдің Санкт-Петербор қаласында және Қытайдың Хайнань аралында біраз тәжірибе жинақтап, емдік массаждың күрделі тәсілдерін үйреніпті. Әбден машықтанып алған соң елге оралып, жеке кәсібін ашуды ұйғарады. Сөйтіп, өткен жылы мемлекеттік бағдарламаның арқасында бизнес әлеміне батыл қадам басқалы отыр.

Артем Подлобко:

– “Бастау Бизнес” бағдарламасының шарапаты мол. Өз кәсібін ашқысы келген адамға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Гранттық ақшаға қол жеткізсем, өзіме ультрадыбыстық аппарат сатып алар едім. Аталған құрал буын ауруларын басуға, остеохандроз бен денедегі жарақаттарды емдеуге негізделген.

Жалпы, комиссия отырысында 130-дан аса жоба қарастырылды. Басты талап – табыс әкелетін мықты бизнес-жоспар болуы керек.

Марат Ысқақов – облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Былтыр бағдарлама аясында оқудан өтіп, бірақ қаражат алмаған түлектердің жұмыстарын қарастырып жатырмыз. Жоба жан-жақты, ауқымды және соңына дейін нақтыланған болуы керек. Себебі, кәсіпкерге пайда әкелетін бизнес қажет.

Грант табыстау жөніндегі комиссияның отырысы аптаның аяғына дейін жалғасады. Мақұлданған жоба авторларына шамамен 530 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылған.
Осы орайда айта кетейік, “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кезекті оқыту курстары биыл наурыз айында басталады.

Зарина Маратқызы