Мәдениет

“Қызылжар” облыстық орталық мешітінде Абай оқулары өтті

Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Кеше осындай атаумен облысымыздың орталық мешітінде әдеби-танымдық байқау өтті. Мұнда сайдың тасындай іріктеліп алынған 20-дан аса ұл-қыз Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқудан жарысты. Сондай-ақ, жеткіншектер ақынның өмірбаянынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сайыстың шарты мынадай: ұл-қыздар Абайдың кез келген өлеңін жатқа айтып береді. Кейін қазылар ұлы ақынның өмірбаянынан сұрақ қояды. Осы екі кезеңнен сүрінбей өткен жас жүлдеге қол жеткізеді. Алмагүл Тастанова мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырған жоқпын дейді. Жас талант бұған дейін де түрлі облыстық, республикалық байқауларға қатысып жүлделі орындардан көрініп жүр екен. Бірақ, Абай оқуларына бірінші рет қатысып отырғандықтан сәл қобалжығанын жеткізді. Ол өлең оқудан бөлек, өзі де қалам тербейді. Бүгін Абайға арнап жүрекжарды туындысын да ала келген екен.

Алмагүл Тастанова – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– Абайдың өлеңдерін балабақшадағы кезімнен бері оқып келемін. Өзім де өлең жазамын. Болашақта сондай ақын болғым келеді.

“Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз еш уақытта жалған болмас”, – деп хәкім Абай шамамен 120 жыл бұрын айтып кеткен еді. Ұлы ақын осындай өлеңдері арқылы артында қалған ұрпағына мұсылманшылдыққа жақын болуды, иманды болу керек екенін жеткізген. Ол осылайша өзінің қара сөздері мен өлеңдері арқылы Пайғамбарымыздың хадистерін ұрпағына қарапайым тілмен тәпсірлеп кеткен.

Аян Болатұлы – «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің наиб имамы:

– Абай атамыз әрбір оқулықтарында, әрбір келтірген қара сөзінде ең алдымен дінді қосқан. Сондықтан, біз әрбір насихатымызда ұлы ақынның сөздерін қолданып тұрамыз.

Жалпы, Абай оқуларына 20-дан астам ұл-қыз қатысты. Дені – мектеп оқушылары мен студенттер. Қазылардың оң бағасын алған жас-жеткіншектерге 50 мың, 30 мың және 20 мың теңгелік сыйақы мен сертификаттар табысталды. 

Бердимурат Баймухан