Спорт

Құсбегілердің ел чемпионаты мәресіне жетті

Бүркітті қоянға салу, ителгіні қолға қондыру және қаршығаны етке шақыру. Қызылжар төрінде 3 күнге жалғасқан құсбегілердің ел чемпионаты мәресіне жетті. Дүбірлі бәсекенің ақтық сынында 25 саятшы шеберлік байқасты.

Бұл – қаршығаны кептерге салу сайысы. Ережеге сай қыран құс ұшып бара жатқан өзге қанаттыны ұстап алуы керек. Қаршыға қаншалықты жылдам әркет етсе, ұпайы да өсе бермек. Бұл сында алматылық Аян Сейітжанның Көкжендеті алғырлық танытты. Қанатты бірден жемтігіне шап беріп, өткір тырнақтарымен қысып алды. Осылайша, қонақ құсбегі алғашқы сында құсымен бірге үздік атанып, қанжығасын алтынмен майлады.

Аян Сейітжан – құсбегі, Алматы облысы:

– Құсбегілікпен жеті атамыздан бері айналысып келеміз. Бүгін менің қанаттым жеңіске жетті.

Ителгіні қолға шақыру. Аталған бәсекеде иелері қанаттыларын алыста теріс қарап тұрып шақырады. Сынға 8 құсбегі қатысып жатыр. Олардың сөзінше, бұл – сайыстың ең оңай түрі. Өйткені, қанаттылар иесінің даусын жақсы таниды. Мұнда ителгінің жылдамдығы есепке алынады. Яғни, құс қаншалықты тез жетсе, жеңіске деген мүмкіншілігі де соншалықты өсе бермек. Бұл жолы да оңтүстік өңірлерден келген саятшылардың асығы алшасынан түсті. Түркістандық Дәурен Аршабай жеңімпаз атанды.

Дәурен Аршабай – құсбегі, Түркістан облысы:

– Құстар өз иесін таниды. Бөтен адамдар шақырса бара қоймайды. Өзіме құс баптаумен айналысқан ұнайды.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Дәл қазір бүркітті қоянға салу жарысы бастау алды. Ережесі былай: қазылар алқасы белгі берген сәттен бастап құс 2 минуттың ішінде 300 метр жердегі төрт аяқтыны байқап, соған қарай қанат қағып, өткір тырнақтарымен басуы шарт. Жалпы, сайысқа ақтық сынға өткен 9 бүркітші қатысып жатыр.

Айта кетейік, бұл сында қоянын қашырып алған құсбегілеріне тағы 2 мүмкіндік берілмек. Алайда, бүркіттердің ешқайсысы жемтігін жіберіп алған жоқ. Жануарды бірден ұстап алып, ұша жөнелді. Десе де, маңғыстаулық саятшының қанаттысы шапшаңдық танытып, тапсырманы өзгелерден тез орындады. Айшуақ Тайманов пен оның құсы бірінші орынды иеленді.

Базарбек Күнтуғанұлы – ҚР МСМ спорт және дене шынықтыру істері комитетінің құсбегіліктен мемлекеттік аға жаттықтырушысы:

– Бүгін чемпионаттың үшінші күні. Ережелерге тоқталып өтейін. Бірінші күні бүркітті қолға шақырдық, еркін ұшырып,шырғаға салдық. Ақтық финалға қоянға салдық. Сондай-ақ, қаршыға және ителгілердің де бөлек сайыстары өтті.

Ел чемпионатын тамашалауға келген солтүстікқазақстандықтардың қатары қалың. Барлығы тамаша көріністі қалт жіберіп алғысы келмейді.

– Бұрын теледидардан көрген болатынмын. Маған сайыс ұнады.

– Всю жизнь прожил здесь. Первый раз увидел. Очень здорово.

Ел чемпионатында үздік атанғандар диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ, ұлттық құрама сапына кіріп ел намысын әлем біріншілігінде қорғайтын болады. Дүбірлі доданы қараша айында Бурабайда өткізу жоспарланып отыр.

 

Маржан Касымбек