МТРА жаңалықтарыҚоғам

СҚМУ-да “Red sparks2020” стартап-жобаларының байқауы өтті

Болашақ кәсіпкерлерге серпін беру. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да “Red sparks2020” стартап-жобаларының байқауы өтті. Аталған шараға 60-қа жуық студент пен мектеп оқушылары қатысты. Олар кәсіпкерлерге өздерінің ойлап тапқан бизнес-идеяларын көрсетіп, жобаларын қорғады.

Бүгін 60-қа жуық жас өзінің бизнес-жобаларын әзірлеп әкелген. Олардың көбісі IT- технология, робототехника, ауыл шаруашылығы және білімге бағытталғын. Өнерлі жастар тың жобаларын бүгін қазылар алдында таныстырып, қорғап шығулары тиіс. Әділ Азаматты экология мәселесі мен қаланың сыртқы көрінісі толғандырады. Ол жыл сайын ауыстырылып жатқан тротуарлық тастарды көріп өз жобасын ойлап тауыпты. Енді оған өз ойын жүзеге асыру үшін қаржылай қолдау қажет екен.

Әділ Азамат – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Мен тротуарлық тастарды жасау үшін қайта өндірілген пластик пен құмды қолдандым. Кейін оларды араластырып, кептіріп, пеште күйдіреміз. Барлық өңдеуден өткен соң ол өте тығыз материал болып шығады. Сапасын балғамен ұрып та көрдім, міз бақпады.

“Red sparks2020” стартап-жобаларының байқауы жергілікті білім ордасында алғаш рет өтуде. Шараға мұрындық болған қаржы және менеджмент кафедрасының мамандары студенттердің арасынан болашақ кәсіпкерлерді анықтағымыз келеді дейді.

Азамат Баймағамбетов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ кеңсе жетекшісі:

-“Атамекен” кәсіпкерлер палатасының өкілдері және жергілікті кәсіпкерлер жастардың жұмысына баға береді. 20-ға жуық қатысушының жобасы финалға өтеді. Сондай-ақ, 1, 2, 3-орындарға 30 мың, 25 мың және 20 мың теңге көлемінде сыйақы беріледі.

Ал жобасы ең үздік деп танылғанға кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетеді. Жалпы, байқауға 58 жас қатысып, бақтарын сынады. Олардың қатарында мектеп оқушылары мен колледж және университет студенттері бар. 

Бердимурат Баймухан