БілімҚоғам

Петропавлда “Майданнан хат” акциясы бастау алды

Осыдан 79 жыл бұрын Петропавл қаласында әйгілі 314-ші атқыштар дивизиясы құрылды. Бұл жайлы тұрғындар, әсіресе жастар жағы біледі ме? Мұны “Борки” ықшам ауданындағы №16 толық емес орта мектебінің оқушылары тексерді. Олар студенттер арасында сауалнама жүргізіп, сұрақтарға жауап алды, майдан даласындағы оқиғалар сипатталған үш бұрышты хаттар таратты.

1941 жылдың соңында Петропавл қаласында құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы солтүстік-батыс майданда жаумен күресті. Құрамындағы 11 мыңға жуық адамның 75 пайызы солтүстікқазақстандықтар болды. Олар немістердің қоршауында қалған Ленинград блокадасын бұзуда да ерлік көрсетті. Жауынгерлердің осы және өзге де шайқастары туралы №16 толық емес орта мектебінің оқушылары үшбұрышты хаттарда жазып көрсеткен.

Макар Гусаров, №16 толық емес орта мектебінің оқушысы:

– 314-ші атқыштар дивизиясы қашан және қайда құрылды? Қандай ұрыстарға қатысты? Сауалнамада дәл осындай сұрақтарды қойған болатынбыз. Бүгін біз далада көп студентті кездестірдік. Олардың көбі бұл жауынгерлер жайында естіген, ал білмегендерге олардың шайқастары егжей-тегжейлі сипатталған хаттар тараттық.

Іс-шараға қатысқандардың арасында Макар Гусаров та бар. Ол сұрақтарды қояр алдында 314-ші атқыштар дивизиясымен жіті танысыпты.

– Әрине білемін, бұл жауынгерлер девизиясы Петропавлда құрылған.

– Честно не помню…. Хорошо, чтобы пополнить ваши знания, мы вручаем вам письмо, в котором вы найдете информацию о нашем городе и о том, что 314 стрелковая дивизия сформировалась именно у нас.

Жалғыз Макар емес, өзге де балалар 314-ші атқыштар дивизиясы жайлы мол мәлімет жинапты. Олар ақпаратты интернет пен энциклопедиядан алған екен. Жалпы, іс-шараға арналып 30 шақты хат жазылыпты. Мұны бізге №16 толық емес орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Светлана Пономарева айтып берді.

Светлана Пономарева – №16 толық емес орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

 – Бұл хаттарда дивизияның қалай және қашан құрылғаны, жауынгерлердің қай жерде соғысқаны, қандай ерлік көрсеткендері толық жазылған. Хаттарды дәл соғыс жылдарындағыдай бүктедік. Яғни, үшбұрышты қылып бүктедік. Жастар өткенді білулері қажет. Біз майдангерлерге құрмет көрсетуге тиістіміз.

Айта кетейік, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған акция №16 толық емес орта мектебінде алғаш рет өтті. Алдағы уақытта бұл бастама өзге де мектептерде қолдау таппақ.

 

 

 

Диана Есім