Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Самұрық-Қазына» жергілікті компаниялармен келісім шарт жасасты

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды! Бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты іргелі компаниялар жергілікті кәсіпорындармен келісім шарт жасасты. Бұл құжат аясында Петропавл ауыр машина жасау және Киров атындағы зауыттарға миллиардтаған теңгенінің тапсырысы түспек.

Кеңес Одағы кезінде Петропавл ауыр машина жасау зауыты толық қуатта жұмыс істеді. Нақтырақ айтсақ, мұнда 15 мың адам еңбек етті. Қазір мамандардың саны небәрі 1 мыңды құрайды. Бос, тұралап тұрған цехтар көп. “Олардың барлығын іске қосқа, өндіріс ошағының әлеуеті бірнеше есеге артады”,- дейді Ахметжан Есімов. Бүгінде бұл бағытта шаруа атқарылып жатыр. Өткен жылы жаңғырту жұмыстары басталды. Ал алдағы уақытта «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қарамағындағы ірі компаниялардан тапсырыстар түседі.

Қазір кәсіпорында мұнай өнеркәсібіне арналған бөлшектар жасалып жатыр. Бұл дүниелер зауыттықтардың біразына таныс. Себебі, бір кездері жоғары сұранысқа ие болған өнім осы жерде шығарылған екен.

Михаил Войсковой, “ПАМЖЗ” АҚ бас инженері:

– Цехтардың барлығын іске қосамыз. Тапсырысты 6 айдың ішінде орындауды жоспарлап отырмыз. Біз мұндай дүниелерді бұрындары шығардық. Аз уақыт емес, бақандай 15 жыл бойы әзірледік. Өкінішке қарай, осыдан 1,5-2 жыл бұрын істі тоқтаттық.

Бұл тапсырыс “Самұрық-Қазына”-ның арқасында қолға алынды. Қазір зауыт басшылығы «Oil Services Company» және «ҚазМұнайГаз» компанияларымен келісім шарт жасасуда.

Ахметжан Есімов – “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-ның басқарма төрағасы:

– Былтыр сіздер біздің кәсіпорындарға 600 млн теңгенің өнімін жасадыңыздар. Ал қазір 2,5 млрд теңгеге келісім шарт жасастық. Осының арқасында әзірленетін өнім көлемі артады, жұмыс орындары пайда болады, бюджетке түсетін салық ұлғаяды.

Мұндай әріптестік барлығына да тиімді. Ең бастысы кәсіпорындар тапсырысты уақытылы әрі сапалы орындаулары қажет. Сонда көлемді арттыруға болады. Бұл жайлы Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Киров атындағы зауытқа барған кезінде айтты. Өндіріс ошағында мейманға көп қабатты баспа платалары таныстырылып жатыр. Қазір мұндай өнімге бірқатар компаниялар қызығып отыр.

“Әскерилендірілген теміржол күзеті”, «Қазақстан темiр жолы». Аталғандармен зауыттықтар 3 келісім шарт жасасты. Осы құжат аясында релелік шкаф шығарылады. Оның ішіне түрлі құрылғылар мен құрал-жабдықтар салынады екен. Тапсырыстың құны 6 млрд теңгеден асып түсті. Бұл өткен жылғыдан 4 есеге көп. Ахметжан Есімов әңгіме барысында қор импортты алмастыру бағдарламасы аясында елімізде жаңа өндірісті құруға әр уақытта да көмек көрсетуге әзір екендігін жеткізді. Бұдан соң, басқарма төрағасы халық арасында аса танымалдылыққа ие «Радуга» серіктестігінде болды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір қарапайым заттар экономикасында не бар, соның барлығы осы кәсіпорында жасалады. Мысалы, мына цехта қайталама полимерден 3 млрд теңгенің өнімі әзірленеді.

Болашақта серіктестікте қағаз өндірісі қолға алынады. Ол үшін цех салынады. Бүгінде нысанның орны анықталған. Мұндай бизнестің келешегі зор.

Дмитрий Шарапаев – «Радуга» ЖШС бас директоры:

– Отандық нарықтағы қағаздың 60% ғана елімізде шығарылады. Қалғаны өзге жақтан импортталады. Өзімізге жақсы мәлім “Карина” – республикадағы ең ірі компания. Ол Алматыда орналасқан. Макулатураның барлығы сонда жіберіледі. Кейін, ол өңделіп, дайын өнім бізге қайта сатылады. Біз осы істі өзімізде бастасақ дейміз.

Цехта целлюлоза-қағаз қайталама шикізаттан, тіпті сабаннан жасалмақ. Түске қарай тараптар облыстық әкімдік қабырғасында бас қосты. Еліміздің іргелі компанияларының өкілдері Петропавлға жайдан-жай келіп отырған жоқ. Осыдан 3 апта бұрын аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жергілікті зауыттар мен ұлттық компаниялардың арасында әріптестік орнату мәселесін көтеріпті. Бастама өз жемісін беріп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл – болашақта ұйымдастырылатын үлкен жұмыстың басы ғана. Ұлттық компаниялардың басшылары біздегі зауыттардың қауқарына көз жеткізді. Алдағы уақытта іс жалғасын табады. Оның үстіне Петропавл тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұл да бизнесте маңызды рөл атқарады.

Бұл күні тараптар жалғыз өндіріс саласында ғана емес, әлеуметтік салаға қатысты да құжаттарға қол қойды. Осы келісім аясында Петропавлда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып жаңа оңалту орталығы салынады. Осылайша қаншама ата-ананың арманы орындалмақ.

Ахметжан Есімов – “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарма төрағасы:

– Тағы, облыстың шалғай аудандарында спорт нысандарын салуға көмектесеміз. “Медициналық поезд” бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына медициналық жәрдем жетеді. Мұның барлығы біздің меморандумда көрсетілген.

Айта кетейік, бұл келісім шартта көрсетілген жобалардың бір парасы ғана. Меморандумда бұдан өзге де ілкімді бастамалар қарастырылған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Меморандум қағаз жүзінде 2-ақ парақтан тұрады. Бірақ, оның маңыздылығы аса жоғары. Бұл құжаттың арқасында кәсіпорындардың тапсырысы артады, денсаулық сақтау саласына, спорт, инфрақұрылымды дамытуға үлкен қолдау көрсетіледі. Уәлиханов ауданында ұялы байланыс қызметінің аясы кеңейтіледі.

Байболат Култанов