МТРА жаңалықтары

“Сүйікті қаламызда су тасқынын болдырмайық” акциясы бастау алды

Сүйікті қаламызда су тасқынын болдырмайық. Бүгін Петропавлда қала әкімі Болат Жұмабековтың бастауымен акция ұйымдастырылды. Шара аясында еріктілер жалғыз тұратын қарттар мен мүгедек жандардың үй маңын қардан тазалап берді.

Қала тұрғыны Вера Дёрованың жасы 75-те. Зейнеткер әпкесімен бірге тұрады. Екеуінің де денсаулықтары жиі сыр беретіндіктен, үй шаруасымен айналысу қиынға соғады екен.

Вера Дёрова – қала тұрғыны:

– Менің әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан. Елге келген соң мені жоғарғы оқу орнында оқытты. Ол көз жұмған соң әпкем екеуіміз жалғыз қалдық.

Қолдарына күрек ұстаған жастар мен қала әкімі Болат Жұмабеков зейнеткерге көмек қолын созды. Үй маңындағы қарды тазалап, сыртқа шығаруға жәрдемдесті.
Айта кетейік, бүгін Петропавлда шаһар басшысының бастауымен «Сүйікті қаламызда су тасқынын болдырмайық» акциясы ұйымдастырылды. Шара аясында еріктілер жалғыз тұратын қарттар мен мүгедек жандарға қолғабыс етеді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Әр адам өз үлесін қосса қаладағы барлық мәселе шемімін табады. Қарт адамдарға барынша көмек қолын созып жүрейік.

Еріктілер акция аясында жалғызбасты аналардың да үйіне барып көмектесуде. Оксана Кропачёва 3 бала тәрбиелеп отыр. Үйдің кенжесі – 4 жастағы ұлы аутизмге шалдыққан. Перзентінің еміне және үй шығындарын өтеу үшін күнұзаққа жұмыс істейді. Баспана маңындағы қарды тазалауға уақыты жетпейді.

Оксана Кропачёва – қала тұрғыны:

– Жұмыста жүргенде маған қызым қоңырау соғып, үйге еріктілердің келгенін айтты. Олар аулада үйіліп жатқан қарды тазалап, сыртқа шығарып берді. Жүректері мейірімге толы жандардың көмегіне алғысым шексіз.

Айта кетейік, акция көктем бойы жалғасын таппақ.

Саят Ермек