МТРА жаңалықтары

Митингілер туралы жаңа заң: жерлестердің пікірі қандай

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет / митингілер мен демонстрациялар туралы жаңа заң жобасын әзірледі. Оның аясында енді шағын ғана шеру өткізу үшін әкімдіктен рұқсат алудың қажеттілігі жоқ. Заң жобасына қатысты халықтың пікірін сарапшылар өңірлерді аралап, біліп жүр. Бүгін олар Петропавлға келді.

Митингілер, жиналыстар, пикеттер – оларды ұйымдастыруға, өткізуге, қатысуға қазақстандықтардың конституциялық құқығы бар. Бірақ, мұны бірі білсе, бірі біле бермейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Митинги допустимы, если они не нарушают закон, не нарушают общественный порядок и не мешают покою граждан. Это – моя принципиальная позиция. Вы ее знаете, мы ее будем закреплять законодательно.

Мұндай бейбіт жиналыстар мен шерулер не береді? Азаматтар наразылықтары мен көзқарастарын осылай биліктің құлағына жеткізеді. Алайда, митингілер туралы заң елде сонау 95-ші жылы қабылданған және қазіргі ахуалға сай келмейді. Сондықтан, Үкімет жаңа заң жобасын әзірлеген. Енді қатысушылар саны 250 адамнан аспаса, пикет пен митингілерді өткізу үшін жергілікті әкімдіктен рұқсат сұраудың қажеті жоқ, ұйымдастырушы билікті тек ескертсе болғаны.

Жанат Қожахметов – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауапты хатшысы:

– Ал 250-ден астам адам қатысатын митингілер, демонстрациялар мен шерулерді жергілікті атқарушы органдар реттейтін болады, яғни оның рұқсатын алу керек. Өйткені, мұндай ауқымды шаралар көлік кептелістерін тудырып, қозғалысты қиындатуы мүмкін. Жиналыс өтетін жерді де әкімдік бекітеді. Алайда, заң жобасы бойынша бұл аумақтар елді мекеннің орталық аудандарында орналасуы тиіс.

Қайталап айтайын, бұл әзірге қабылданбаған, тек заң жобасы ғана. Оны жетілдірмекке Үкімет өкілдері өңірлерді аралап, қоғамның пікірін жинап жүр. Мәселен, жазушы, журналист Жақсыбай Самрат адам санына қатысты шектеудің болуына қарсылығын білдірді. Сөзінше, бұл құқық қорғау органдарының өкілеттілігін шамадан тыс арттырып жібереді.

Жақсыбай Самрат – жазушы, журналист:

– Ұйымдастырушылар шақырғанда, мәселен 100-150 адам келуі мүмкін. Оны кім санайды? Ешкім санамайды ғой. Бірақ, полиция құқықтарын асыра пайдаланып, ол жердегі адамдарды 250-ден асып кетті деп, қууы мүмкін. Неге қудыңыздар десе, 250-ден асып кетті, көп болды дейді.

Сондықтан қоғам белсендісі бұл осал тұсты тағы бір ой елегінен өткізу керек деп санайды. Өйткені, халық іштегіні бұқпауы керек, қарсылығы болса, еркін жеткізуі тиіс. Ашық диалог деген осы.

Жақсыбай Самрат – жазушы, журналист:

– Халық айтатынын айтсын, әйтпесе бұл бітеу жара болады да, бір күні бәрібір жарылады. Сондықтан, халық ішіндегісін айтып, босауы керек. Сонда қоғамымыз жақсы дамитын болады.

Қазақстандықтарға өз ойын ашық жеткізуге мүмкіндік беріледі заңда. Алайда, митинг-шерулер зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздік арқылы елдің конституциялық құрылымын өзгертуді мақсат етпеуі тиіс.

Саят Ермек