Мәдениет

“Меңдуана махаббат” атты спектакльдің премьерасы өтті

“Меңдуана махаббат”. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында комедиялық қойылымның премьерасы өтті. Туынды орыс жазушысы Валентин Красногоровтың пьесасы бойынша сахналанған. Спектальге еліміздің мәдениет қайраткері Асқар Наймантаев режиссерлік етіпті.

Американдық стильдегі киім үлгісі мен құлаққа жағымды әуен. Қойылымның өзге туындыдан өзгеше екендігі бірден байқалады. Театр ішін алғашқы минуттардан-ақ ерекше атмосфера билеп алғандай. Мұндағы жанды музыка да скрипка мен барабанның сүйемелдеуімен орындалуда.

Бұл азамат – өзі тұратын жердің танымал әрі тәжірибелі психолог маманы. Дәрігерге күн сайын түрлі адамдар кеңес алуға келеді. Бірақ, кезекті науқасының есте сақтау қабілеті нашар. Ол бәрін тез ұмытып қалады, тіпті өз есімі де жадында жоқ. Дәрігер науқасқа барын салып көмектесуге тырысады. Алайда, жәрдемдесіп жүріп өзінің қалай алжып кеткенін байқамай қалады.

Асылхан Рәзиев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Бұл спектакльде әр адамның айтатын ойы әр түрлі. Біз өзіміздің ішіміздегі сөзді жеткізе алдық. Рөлді сомдауда біраз қиыншылықтар болды.

Актердің мұндай іс-қимылын «пантомима» деп атайды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – сөзді ауызбен емес, дене қозғалыстарымен немесе мимикамен жеткізу.

«Меңдуана махаббат» атты спектакліне ҚР Мәдениет қайраткері Асқар Наймантаевтің өзі режиссерлік етіпті. Өнер саласының майталманы Алматыдан арнайы ат терлетіп келген.

Фархад Молдағали – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Біз осыдан бір жыл бұрын Асқар Наймантаев ағамызға пьесаны беріп, сахналауға көмектесуін сұраған болатынбыз. Репертуарымызда комедия жанрындағы туындылар аз. Осыны толтырғымыз келеді.

Комедиялық жанрдағы қойылым 2 сағатқа созылды. Жиналғандар актерлік ұжымның шеберлігіне тәнті болды.

–  Қойылым өте қызықты екен. Маған қатты ұнады.

– Жақсы демалдық. Актерлердің шеберлігіне тәнтімін.

«Меңдуана махаббат» спектаклі өнерсүйер қауымға С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында ақпан айының соңына дейін паш етілмек.

Маржан Қасымбек