Тұлға

Ұлағатты ұстаз Асқар Игібаевті еске алу жиыны өтті

Ұлағатты ұстаз Асқар Игібаев көзі тірі болса 90 жасқа толар еді. Әуелде мұғалім, кейін білдей бір білім ұясын басқарған азамат талай өнегелі шәкірт тәрбиелепті. Бұл салаға ол өмірінің 40 жылын арнаған екен. Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде Асқар Игібаевті еске алуға арналған жиын өтті.

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Асқар Игібаев – өмірінің тең жартысын білім саласына арнаған тұлға. Оның ішінде 34 жыл бойы Есіл ауданындағы Николаевка орта мектебінің директоры болып жұмыс істеген. Оның ұлағаты мен өнегесі талай жанға азық болды. Құдайберген Қалиев бала кезінде 6 жыл бойы Асқар ағамыздың шәкірті болған екен. Еңбек ардагері ұстазымыз бізді адамгершілік пен еңбекқорлыққа баулыды дейді.

Құдайберген Қалиев, еңбек ардагері, СҚО құрметті азаматы:

– Асқар ағамыз бізді келешекте адал жұмыс істеуге тәрбиеледі. Ол кезде үкімет пен партия болды. Ұстазымыз бізді солардың шешімдерін орындауға көп көңіл бөліп, тәрбиелеген.

Асқар Игібев Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылында шаруа отбасында туылыпты. Жерлесіміздің балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген екен. 13 жасында еңбекке араласып, ауыл бригадасында есепші болып жұмыс істепті. Кейін осы еңбегі үшін медальмен марапатталады. Уақыт өте келе 1954 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін бітіріп, Николаевка орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

Жангелді Тәжин, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Аз жылдың ішінде мұғалімдердің біліктілігін көтерді. Әдістемелік жұмыстармен көп айналысты. Мектеп директоры болған кезде талай табалдырықты тоздырып, жаңа мектептің ашылуына өзінің бар күш-жігерін салды.

Асқар Игібаев талай шәкірт тәрбиелеген. Бүгінде олардың барлығы – еңбектерімен көпке үлгі. Ұстаздарын еске алу шарасына Асқар Игібаевтың алдында тәлім алған жандар көптеп келіпті. “Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді”. Жиналған қауым өзінің артынан жарқын із қалдырған тұлғаның аты ешқашан ұмытылмайтынына сенімді.

Диана Есім