МТРА жаңалықтарыҚоғам

Өңірдің экологиялық түйткілдері қалай шешіліп жатыр

Заңсыз қоқыс алаңдары, жабылған уран кен орындары мен қалдықтардың полигондарға сұрыпталмай жеткізілуі. Солтүстік Қазақстан облысының экологиясына қатысты өзекті түйткілдер қалай шешіліп жатыр? Бұл туралы бүгін өңірдің бас экологы Ерболат Омаров ашық айтты. Оның сөзінше, тұрғындар да, кей кәсіпорындар да қоршаған ортаны қорғауға немқұрайлы қарайды.

Өңірдің бас экологы болып Ерболат Омаров небәрі бір ай бұрын тағайындалды. Ол бізге сонау Атырау облысынан келген. Бірақ, солтүстіктің экологиялық проблемаларынан әжептәуір хабардар сыңайлы. Баяндамасын ол жасыл желекті отау түйткілінен бастады. Петропавл ағаштарын жаппай кесу науқаны тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Мамандар тиісті тексеріс жүргізген, шешім қабылдаған.

Ерболат Омаров – СҚО экология департаментінің басшысы:

– Табиғат қорғау прокурорымен барлық жағдайды зерделеп, бұл іс-шаралар санитарлық тазалау шеңберінде атқарылған деген нәтижеге келдік. Алайда, теректерді кесу жұмыстары тоқтатылды.

Бірі білсе, бірі білмес – біздің облыста Кеңес Үкіметі кезінде 5 бірдей кен орнында уран өндірілген екен – Айыртау мен Ғ.Мүсірепов аудандарында. Бұл ошақтар баяғыда жабылып, жұмысын тоқтатқанымен, жергілікті жұрт қауіпті зоналарға жиі аяқ басатын көрінеді. Тиісті шара қолданбасақ, мұның арты жақсылыққа әкелмейді дейді Омаров мырза.

Ерболат Омаров – СҚО экология департаментінің басшысы:

– Бұл кен орындарының аумағында болу денсаулық пен өмір үшін аса қауіпті. Зоналарды дұрыстап қоршап, қауіпсіздік жабындыларын қалыпқа келтіруді Премьер-Министрдің өзі облыс әкімдігіне тапсырған болатын. Біз жоспар құрып қойдық, тиісті жұмыстарды атқарамыз. Кен орындарындағы ахуалды қадағалау Айыртау мен Ғ.Мүсірепов аудандарының әкімдеріне тапсырылды.

Өлкеде қоршаған ортаға елеулі зиян келтіретін аса ірі кәсіпорындар болмағанымен, экологиялық заңнама жиі бұзылады. Көбіне, қалдық суларды Есілге құйып, қауіпті элементтерді ауаға лақтыру тыйылмай тұр. Ескі-құсқы қоғамдық көліктер атмосфераны кірлетіп жатыр деп шағымданатындар да көп сыңайлы. Мамандар бір жылдың ішінде барлығы 400-ге жуық бұзушылықты тіркеген.

Ерболат Омаров – СҚО экология департаментінің басшысы:

– Резонанстық құқықбұзушылықтар жоқ, біздің өңіріміз өндірістік аумаққа жатпайды. тексерістердің барысында кейбірінің рұқсат қағаздары болмай шықты, кейбірі эмиссия берген рұқсаттан тыс шығып кеткен фактілер болды. Олар бойынша айыппұлдар салынды.

Ең жиі кездесетін бұзушылық дейді басшы – заңсыз қоқыс алаңдары. Иә, қалдықтарды белгіленбеген жерлерге үйіп-төгуді жұртшылық тоқтатар емес. Экологтарға мұндай орындарды табу үшін жасанды жерсеріктің көмегіне жүгінуге тура келген. Спутниктік суреттер былтыр өлкеде 900-ге жуық тіркелмеген үйінділерді анықтапты.

Ерболат Омаров – СҚО экология департаментінің басшысы:

– 213 қоқыс орны тазартылып, жойылды. Бұл 25 пайызды құрап отыр. Ағымдағы жылы жұмыстар жалғасады. Аудан әкімдіктерінің мәліметтері бойынша 25 млн 685 мың теңге осы жұмыстарға бөлінген.

Заңды қоқыс полигондарында да жағдай мәз емес. Мұндағы ең басты түйткіл – қоқыстың сұрыпталмауы. Салдарынан, көмуге болмайтын полиэтилен, пластик, қағаз бен шыны көп жадайда көміліп жатады. Бас эколог азаматтарды жауапкершілік танытып, қоқысты іріктеп, контейнерлерге бөлек-бөлек салуға шақырды. Тек бұл өтінішті тыңдар құлақ болса…

Саят Ермек